"Денсаулық қызметкерлеріне арналған салтанат"

"Денсаулық қызметкерлеріне арналған салтанат"Қазалы аудандық "Қазалы" газетіндегі мақала. Маусым айы, 2016 жыл.
 
 

ДЕНСАУЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТ

 

Әйтеке би кентіндегі Р.Бағыланова атындағы мәдениет орталығында ауданымыздағы емдеу мекемелерінде қызмет етіп жүрген мамандардың кәсіби төл мерекелеріне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Медицина қызметкерлерінің күнінде өмірін адам денсаулығына қамқор болуға арнаған жандардың еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев мереке иелерін құттықтап, жылы лебізін арнады.

Еңбектерімен елдің алғысына бөленген Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовке «Алтын дәрігер» төсбелгісі мен Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет Грамотасы», аудандық аурухананың дәрігері Орақ Кеубасовқа «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Сондай-ақ, бір топ медицина қызметкерлері аудан әкімінің «Алғыс Хатымен» марапатталды.

Дәрігер мамандығын меңгеруге үлкен қабілет қажет. Бұл жолдағы жандардың жүрегі кең, пейілі ақ, төзімі болаттай берік болуы керек-ақ. Себебі күн-түн демей адам жанының арашасы болуға ұмтылу, шаршамай-шалдықпай халыққа қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өз сөзінде медицина қызметкерлерінің осындай ерен еңбектерін атап өткен аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақыткүл Әлішева әріптестеріне жүрекжарды тілегін ақтарыла жеткізді. «Үздік ауыл дәрігері» республикалық конкурсында «Қожабақы» дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Алия Қартабаева үздік үштікке ілініп, ауданымыздың мерейін асқақтатқанын мақтанышпен атап өтті.

Салтанатты шара үстінде медицина саласының ардагерлері де сый-құрметтен шет қалмады. Аудан өнерпаздары құйқылжыта ән салып, мың бұрала би биледі.

«ҚАЗАЛЫ» ақпарат.

20-06-2016, 11:07

ДЕНСАУЛЫҚ ДӘНЕКЕРЛЕРІ

ДЕНСАУЛЫҚ ДӘНЕКЕРЛЕРІ«100 НАҚТЫ ҚАДАМ» - ҰЛТ ЖОСПАРЫ

 

ДЕНСАУЛЫҚ ДӘНЕКЕРЛЕРІ

 

Денсаулық – зор байлық. Адамның осы байлығы – өмірін сақтау, ұзарту жолында үнемі өз қызметін адал, мінсіз атқарып, ажалға араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегін қалай құрметтесек те артық болмайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 100 нақты қадам – Ұлт жоспарындағы 81-ші қадамда жекемншік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративік басқаруды енгізу, бәсекелестік есбінен қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық көмекті қаржыландыру – бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту турасында нақты жазылған.

Осы бағыттағы халық игілігі үшін қалтқысыз қызмет етіп, аудандағы медицина саласының қарқынды дамуына өз үлестерін қосып отырған Қазалы темір жол ауруханасы көпшіліктің басы ауырып, балтыры сыздаса бірінші болып маңдай тірейтін мекемесіне айналды.

Теміржол ауруханасын 1994 жылдан осы уақытқа дейін басқарып отырған директор Құбыл Ршымбетов қырық жыл бойы халық денсаулығын сақтауда абыройлы еңбек етіп, құрметке бөленуде. Ол соңғы 22 жылда әрі бас дәрігерлік қызметте, іскер басшы, ұйымдастыру жұмысының үздігі, жоғары санаттағы әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастырушы дәрігер ретінде халыққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетіп келеді.

Біз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл, 20 жыл, «Шапағат», «Еңбек ардагері» медальдары мен Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау үздігі», «ҚР Төтенше жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерінің иегері, үлгі аларлық қызметімен үнемі абырой биігінен көрініп жүрген Құбыл Ршымбетовпен халыққа бүгінгі күннің талаптарына сай қызмет көрсетудегі тәжірибелері жайлы әңгімелесіп, ой бөліскен едік.

 

-Теміржол ауруханасы егемендік алғанға дейін, өтпелі кезеңнен шығу жолдары, бүгінгі күнгі медициналық қызметтің жайынан хабардар етсеңіз?

 

- Аурухананың тарихы бай және өте тереңде жатыр. Атап айтсақ, 1904 жылы Қазалы уезінде халыққа медициналық қызмет көрсету мақсатында амбулатория ашылып, онда фельдшер және акушер жұмыс істеген. Орынбор теміржол бөлімінің құрылуына байланысты, 1905 жылы амбулатория 5 орындық теміржол ауруханасы болып қайта ашылған. Бұл ауруханада 3 дәрігер қызмет еткен, фельдшер мамандар ат арбамен үй аралап, медициналық қызмет көрсеткен. 1917 жылы теміржол ауруханасы 40 төсектік орынға көбейтілді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары теміржол ауруханасы госпитальға айналдырылып, әр түрлі жарақатпен және аурулармен түскен жауынгерлерді емдеп, соғыста халқымыздың жеңіске жетуіне өз үлесін қосты. Қазалы теміржол ауруханасы 1970 жылы 220 төсек-орынға көбейтілді.

Еліміз егемендік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде аурухана жұмысында көптеген қиыншылықтар кездесті. 2010 жылдың 12 қаңтарынан бастап «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ директорлар кеңесінің №1 хаттамасына сәйкес облыс әкімінің келісімімен «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ филиалы «Қазалы теміржол ауруханасы» болып қайта ұйымдастырылды.

 

-Бүгінгі таңда науқастарды емдеп, сауықтыруда замануи техникалық құрал-жабдықтармен жабдықтаудың алатын орыны ерекше. Осыған орай жасалған жұмыстар мен оған мамандар даярлау мәселесіне тоқталсаңыз.

-Аурухана мен емхана бойынша пациенттердің тіркелуі үшін барлық бағдарламалар енгізілген.

Аурухана бүгінгі күннің талаптарына сай медициналық техникамен жарақтандырылған, алдыңғы қатардағы дүниежүзілік өндірушілер шығарған ең соңғы үлгідегі жабдықпен көп мөлшерде (290 бірлікке дейін) қамтамасыз етілген. Бұл медициналық техникалар диагностиканың 60 түрін, эндоскопия, биохимия, аудиометрия зерттеулерін және басқаларын жүргізуге мүмкіндік береді. 2015 жылдың өзінде жалпы құны 42029105 теңгелік медициналық жабдықтардың негізгі құралдары, оның ішінде лизинг арқылы 730234 теңгеге рентгендік диагностикалық хирургиялық мобильді «С» дуга аппараты, 4499999 теңгеге реанимобиль «жедел жәрдем» автокөлігі және басқа да медициналық құралдар сатып алынды.

Қабылдау, жансақтау, терапия бөлімдері мен ЭКГ-кабинетіндегі көп арналы 4 электрокардиографпен жұмыс істеуді әрбір кезекші мейірбике меңгерген. Дәрігер-кардиологтар түрлі-түсті 12 каналды «Кардиограф М», «Холтер-ЭКГ, АГ» аппараттарымен және эхокардиография жасау үшін арнайы дайындықтан өткізілген.

 

 

«Қазалы» газеті, №44 (832). 11.06.2016 жыл

14-06-2016, 10:36

Аурухананың жабдықталуы туралы

Аурухананың жабдықталуы туралыТарихы ғасырдан асқан темір жол ауруханасы 90-шы жылдардағы қиындықтарға да мойымай, заман көшіне ілесе білді. Бойын тіктеп облыс деңгейіндегі медициналық қызмет көрсете алатын денсаулық сақтау кешеніне айналды. Оның басты себебі ұжымның бірлігі, алға қойған мақсатқа бір кісідей жұмылуы деп ойлаймын.

Басқасын айтпағанда соңғы үш жыл көлемінде аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсарып қана қоймай, жаңа заманауи медициналық әдістер енгізілді.

Аурухана кейбірі тек облыс орталықтарында ғана бар қуаты мықты компьютерлік томография, аса жоғары дәлдіктегі ультрадыбыстық, рентгендік аппараттармен, гемодилиз, барокамера, офтальмологиялық саңылаулы шам, нейрохирургиялық, стоматологиялық құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ сумен емдеу, сүлік салу, «алтын ине», түрлі физиотерапиялық аппараттар арқылы емдеу жолымен ем ықпалдылығы артуда.

Аурухана көптеген қызметін Қазалы ауданының тұрғындарына ғана емес, көршілес Арал және Қармақшы аудандарының тұрғындарына да көрсетеді.

Жылма-жыл «Денсаулық» поезы арқылы кіші станциялар мен разьезд тұрғындарына білікті мамандар арнайы барып, күрделі медициналық қондырғылар арқылы тегін кеңес беріп, тексеруден өткізеді.

Кезінде менің Испания және Үнді елдеріне сапар шегуіме тура келді. Сол жердегі озық тәсілдерді көзбен көріп, ойыма түйіп шама шарқым келгенше ауруханаға енгізуге тырыстым.

Ауыз толтырып айтарлық жаңалықтардың бірі ауруханада жамбас буынына, миға күрделі операциялар жасалады. Осы жылда «Телемедициналық» байланыс іске қосылды. Бұл арқылы күрделі науқастар еліміздің іргелі клиникаларынан кеңес ала алады және дәрігерлер білімін жетілдіреді.

Аурухананың бюджеті жылма-жыл артып келеді.

Басты міндет Елбасы Жолдауларынан туындайтын тапсырмаларға ұжымының үн қосуы және денсаулық сақтау саласына қатысты тұстарына көңіл бөлуі. Мұны мен аурухана басшысы ретінде сеніммен айта аламын.

 

Құбыл РШЫМБЕТОВ,

директор

10-03-2016, 16:30

Тәуелсіздік Күнімен құттықтау

Тәуелсіздік Күнімен құттықтау Қадірлі әріптестер!

 

Осыдан тура 24 жыл бұрын Қазақстанның Жоғары Кеңесі "Қазақстан Республикасының мемлекеттік Егемендігі және тәуелсіздігі туралы Заң” қабылдады. Сол сәттен бастап еліміз "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні” Ұлттық мерекесін тойлай бастады.

Тәуелсіздік алу – бұл халықтың ерік-жігерінің, адамдардың құқықтары мен бостандықтарының, Қазақстан елінің қайта құрылуы мен жаңғыруы болып табылады.

Тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен табыстары мен жетістіктері еліміздегі тұрақтылықтың, бейбітшілік пен ұлтаралық татулықтың заңды нәтижесі екені белгілі. Мұнда еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан зор.

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні құтты болсын!

Егемен елімізде әрқашан тыныштық, бейбітшілік, ынтымақ орнасын.

Ата-бабаларымыздың аманаты болып табылатын қасиетті жеріміздің тұтастығы әрқашан ажырамасын.

Бәріңізге, отбасыларыңызға аманшылық, ашық аспан, саулық тілеймін!

 

 

 

Құбыл РШЫМБЕТОВ,

филиал директоры

11-12-2015, 15:48

Аурухана аудан әкімінің "Алғыс Хатымен" марапатталды.

Аурухана аудан әкімінің "Алғыс Хатымен" марапатталды.Аурухана аудан әкімінің "Алғыс Хатымен" марапатталды.
9-09-2015, 15:11

Президенттің "Алғысы"

Президенттің "Алғысы"Филиал директоры Қ.Ршымбетов Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына белсене қатысқаны үшін Президент Н.Ә.Назарбаевтың "Алғысына" ие болды.
15-06-2015, 13:06

Апаттар медицинасы қызметінің міндеттері

Апаттар медицинасы қызметінің міндеттеріАпаттар медицинасы саласында жұмыс істейтін дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері өз саласының негізгі міндеттерін білуі тиіс.
Олар:
- төтенше жағдай (ТЖ) аумағындағы медициналық барлау;
- зардап шегушілерді медициналық сұрыптау;
- зардап шегушілерге медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету;
- эвакуацияны және зардап шегушілерді ТЖ аумағынан эвакуациялауды ұйымдастыру;
- қажет жағдайда зардап шегушілерге көмек көрсету үшін қосымша медициналық күштер мен бұйымдарды тарту;
- зардап шегушілерді ауруханаға жатқызуды (госпиталдауды) ұйымдастыру;
- медициналық құрылымдар мен мекемелердің, ТЖ аумағындағы елді мекен әкімшіліктерінің іс-әрекетін басқару;
- апаттық-құтқару жұмыстарын: өрт сөндіру, минаны залалсыздандыру бойынша жұмыстарды, радиациялық, химиялық, биологиялық қауіпті жою бойынша жұмыстарды, құтқарушылар мен азамат тұрғындар үшін қауіппен сабақтас апаттық-құтқару жұмыстарының кез келген түрлерін медициналық қамтамасыз ету (жұмыс жүргізу орнындағы кезекшілік);
- қоғамдық-саяси, спорттық және көпшілік жиналуымен сабақтас басқа шараларды меициналық қамтамасыз ету (шара өткізілетін орындағы кезекшілік);
- медициналық мекемелер мен құрылымдардың ТЖ шарттарындағы жұмысқа дайындығын демеуді бақылау;
- ТЖ-дың пайда болуын болжамдау және ТЖ-дың медициналық зардаптарын жою бойынша әрекеттерді жоспарлау;
- мемлекеттік шұғыл қызметтердің қызметкерлерін алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдеріне оқытып-үйрету, шұғыл қызмет қызметкерлерімен ТЖ-дың медициналық зардаптарын бірлесіп жою бойынша оқу жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу.    

Құбыл РШЫМБЕТОВ,
«Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» АҚ-ның филиалы  –
Қазалы темір жол ауруханасының директоры

Сурет meta.kz сайтынан алынды

17-10-2014, 23:05

Апаттар медицинасы туралы түсінік

Апаттар медицинасы туралы түсінікАпаттар медицинасы – бұл оның міндетіне төтенше жағдайларда (зардап шегушілер немесе ауырғандар саны өте көп пайда болғанда) медициналық көмек көрсетуді (тіпті оның маманданған түріне дейін) ұйымдастыру болып табылатын медицина аумағы.
Мұндай жағдайда әдетте "бір дәрігер – бір науқас” практикасы болып келетін медицина саласынан өзге көбіне "бір дәрігер – көптеген науқастар” жағдайы туындайды.

Төтенше жағдай деп соның нәтижесінде екі немесе одан да көп адам қайтыс болған немесе үш әлде одан да көп адам зардап шеккен/ауырған және ауыр хәлде болған тұтқиылдан болған оқиға айтылады.
Сондай-ақ "медицинадағы төтенше жағдай” деген ұғым да бар. Бұл кезде денсаулық сақтау органдары (әр түрлі деңгейдегі) – зардап шегушілер тасқынына төтеп бере алмайтын жағдай.

Осыларды ескере отырып «Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» АҚ-ның филиалы – Қазалы темір жол ауруханасы әрқашан төтенше жағдайда лайықты медициналық көмек көрсету (оның ішінде маманданған, білікті және жоғары технологияны қолданатын) бағытта ұдайы ізденісте жүреді.
Оны осы сайттағы жаңалықтардан, аурухананың жеке сала қызметтері туралы деректерден біле аласыздар.
Сонымен бірге аурухана мамандарынан өз біліктілігін арттыру, жұмыстарында жаңалықтар енгізу ұдайы талап етіледі. Біздің аурухананың қызметін пайдаланыңыздар, өкінбейсіздер.

Құбыл РШЫМБЕТОВ,
«Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» АҚ-ның филиалы –
Қазалы темір жол ауруханасының директоры

 Сурет today.kz сайтынан алынды
15-08-2014, 23:01

ІСКЕР БАСШЫ, ҮЗДІК АУРУХАНА

ІСКЕР БАСШЫ, ҮЗДІК АУРУХАНАӘріптесім Құбыл Ршымбетұлымен таныстығым өткен ғасырдың90-шы жылдары басталған еді. Оны Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтындағы «рефлекстік терапия» бойынша мамандану циклінде жолықтырдым. Курсанттар кезекпен өздерін таныстырып жатқанда, ол менің Қызылордадан екенімді біліп, жаныма келіп: «Інім, сен де Сыр өңірінен екенсің. Мен Қазалыданмын. Темір жол аурухана бас дәрігерініңорынбасары болып жұмыс істеймін. Алда 3 ай оқу бар. Жатақханада бірге тұрайық» деп өзі ұсыныс білдірді. Оның бітім-болмысы, адамдармен тез тіл табыса білу қабілеті мені тәнті етті. Сол кезден бастап онымен ағалық-інілік қатынасымыз жалғасып келеді.
Жыл өткен сайын оның іскерлік қабілетінің жан-жақтылығы жарқырай түскендей. Ол менімен кездескеннен кейін төрт жылдан соң Қазалы темір жол ауруханасының бас дәрігері болды.
Тарихы ғасырдан асып-жығылатын аурухана бүгінде «Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» АҚ-ның филиалы – Қазалы темір жол ауруханасы деп аталады. Құбекең сол филиалдың директоры. Бас дәрігерлік қызметіне биыл тура 20 жыл.
Қ.Ршымбетов 1973 жылы Алматы мемлекеттік институтының емдеу ісі факультетін бітіріп, дәрігерлік өмір жолын темір жол саласындағы медициналық қызметке арнады. Еліміздегі медицина саласындағы күрделі реформалар соны ұға алатын басшыны талап етеді. Ал Қ.Ршымбетов бұл бағытта көпке үлгі бола алатындай басшы.
Ол алғашында қазіргі Тараз, бұрынғы Жамбыл қаласындағы темір жол ауруханасында интернатурадан өтті. Одан соң Қызылорда, Қазалы стансаның темір жол ауруханасында терапевт, жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі болды, 5 жыл аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарады. Ширек ғасырдай денсаулық сақтау саласында басшылықта болу нәтижесінде заман көшіне ілесіп, аурухананы жаңа талаптарға сай басқара білді.
Денсаулық сақтау ісін ұйымдастырудағы экономика мен реформалау, шаруашылық жүргізу құқығындағы ықпалды басқару, медицинадағы маркетинг және менеджмент бойынша білім жетілдіріп, басқару ісін шыңдай түсті. 2011 жылы «Медициналық мекемелерді ықпалды басқару. Гонконг тәжірибесі» атты маманданған іскерлік бағдарламасы бойынша Гонконгта және 2013 жылы Испанияның Барселона қаласындағы менеджменттің жоғары мектебінде оқыды. Кезінде халық сеніміне бөленіп, поселкелік кеңес, аудандық мәслихат депутаты да болды.
«ҚР Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісінің иегері Қ.Ршымбетовтің еңбегі лайықты бағаланып, 2006 жылы «Жыл дәрігері», 2012 жылы «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгіні, 2013 жылы «Шапағат» медалін омырауына тақты. Ол өзі басқарып отырған аурухана мен емхананың қазіргі заманғы медициналық құралдармен жабдықталуына, мамандар біліктігін ұдайы арттыруға жете көңіл бөле білді. Өткен бір жылдың өзінде 30 дәрігердің және 109 орта буын медицина қызметкерінің түрлі білім жетілдіру курстарында болуы соның айғағы.
Жиырма мыңнан астам халыққа медициналық қызмет көрсететін ауруханада бүгінде 294 адам жұмыс істесе, 39-ы дәрігер, олардың 25-і біліктілік санатын иеленген. Ауруханадағы 100 төсек-орында негізгі бөлімшелермен қатар кардиологиялық, неврологиялық және травматологиялық бөлімшелер ашылған. Бұл сырқатты емдеуді жарты жолда қалдырмай, түбегейлі сауықтыруға басталған қадам. Жуық арада нейроинсульттік оңалту орталығын ашу бойынша да жоғарыдағы басшылыққа өз ұсыныстарын жолдаған. Бұған аурухананың әлеуеті толықтай жетеді. Өйткені аурухана тек ірі қалаларда және облыс орталықтарында ғана бар кейбір жоғары технологиялық медициналық құралдармен жабдықталған. Олардың қатарында ірі клиникалар иелік ете алатын компьютерлік томограф қондырғысы, барокамера, Италия елі өндірген «Melody» маммографы, «Nicolet Companion» маркалы ультрадыбысты доплерограф аппараты (АҚШ), жапониялық санды ультрадыбыстық зерттеу жабдығы, австралиялық иммундық ферменттік талдау, гастрофиброскоп, плазмаферез және т.б. бар. Физиотерапевтік бөлімшеде түрлі замануи аппараттармен дәрісіз ем жүргізіледі. Сумен емдеу бағытында емдік тұздармен, дәрілік шөппен дауа атқарылады. Емдік дене шынықтыруға қажетті барлық жабдық алынған.
Ауруханада жылына 2500-дей адам емделсе, 40 төсек орындық күндізгі стационарда оның үштен біріндей науқас ем қабылдаған. Хирургиялық бөлімшеде облыста алғаш рет жамбас буынын ауыстыру, яғни ортан жіліктің ұршығын арнайы протезбен ауыстыру операциясы жасалды. Мамыр айында Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу институының бір топ ғалымдары облыс хирургтарының басын осы ауруханада қосып, үлкен кеңес өткізді. Бұл темір жол ауруханасының облыстағы беделін айқындай түскендей.
Ауруханада ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген медицина қызметкерлері баршылық. Олар директордың емдеу ісі бойынша орынбасары А.Дәрібай, емхана жөніндегі орынбасары С.Адаев, дәрігер рентгенолог Е.Дәрібай, бөлімше меңгерушілері С.Ахмет, Б.Айжарықова, Ж.Қуанышбаев, Қ.Еспаев, бас мейірбике С.Орманова, орта буын медицина қызметкерлері Ү.Жұмабаева, А.Абжанова, Қ.Қарнағаев, Х.Мусаева, Р.Жақсылықова, И.Елубаева, тазалықшылар К.Сағындықова, А.Серімбетовалардың еңбегі көпке үлгі.
 
Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,
дәрігер психолог.
Қызылорда қаласы.

Қызылорда облыстық "Сыр бойы” газеті, 14 маусым 2014 жыл
http://www.syrboyi.kz/kogam/2950-sker-basshy-zdk-auruhana.html

4-07-2014, 22:38

“Шапағат» медалiмен марапатталды

“Шапағат» медалiмен марапатталдыБасты байлыққа баланатын денсаулық сақшыларының адам өмiрi үшiн маңызы ерекше.

Осындай аудан халқының алғысына кенелген жанның бiрi "Апаттар медицинасының темiржол госпитальдары” акционерлiк қоғамы филиалы Қазалы темiржол ауруханасының бас дәрiгерi Құбыл Ршымбетұлы.
Жақында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi Құбыл Ршымбетов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен "Шапағат” медалiнiң иегерi атанып, марапатталды.
Ауданға белгiлi азамат, газетiмiздiң жанашырын қуанышымен құттықтап, алдағы уақытта да елге сiңiрген еңбегi еленiп, абырой биiгiнен көрiне беруiне тiлектестiк бiлдiремiз.
 
"ҚАЗАЛЫ-АҚПАРАТ”.


"Қазалы” газеті
3-01-2014, 14:57