» » МЫҢ АЛҒЫС СІЗГЕ ХАЛЫҚТАН

МЫҢ АЛҒЫС СІЗГЕ ХАЛЫҚТАН

Ұзақ жылдар аудан халқының денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етіп келе жатқан "Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары” АҚ-ның филиалы Қазалы темір жол ауруханасының бас дәрігері ҚҰБЫЛ РШЫМБЕТОВКЕ

Басқарып емдеу кешенін,
Ақ халаттылар мекенін.
Алладан кейін жар болған,
Гиппократ сынды көсемін.

Қарсы алып тіп-тік таңдарды,
Шаршаған жалғап арманды.
Жалт ете шығар жанардан,
Қондырып қайта жалғанды.

Көкіректері көреген,
Көңілге құйған көп өлең.
Қиналып келген жандарды,
Алладан кейін демеген.

Құдірет берген Жаратқан,
Шапағат қолдан таратқан.
Өмірдің балын тәп-әтті,
Тамсантып қайта жалатқан.

Табаннан келсе сыз өтіп,
Қисайса, мүше түзетіп.
Кірпігін қақпай таң асып,
Өмірді жүрген күзетіп.

Қонақтап қалса, көзге мұң,
Серпіген сөзбен өздерің.
Өзегін бере жаздаған,
Өмірі үшін өзгенің.

Үмітпен атқан таңыңыз,
Ізгілік тұнған жаныңыз.
Кірпік қақпаған күзетте,
Саптағы сарбаздарыңыз.

Кеселмен күн-түн алысқан,
Пендеге шипа дарытқан.
Даладай дархан жүректі,
Мың алғыс Сізге халықтан!

Алмагүл ҚАРЖАУБАЕВА

    "Тұран-Қазалы” газеті, 2 наурыз 2014 жыл

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
   "Қазалы” газеті, 28 наурыз 2014 жыл  
28-03-2014, 22:22
972 просмотров