» » Шайдың көзге және ойлау жүйелеріне пайдасы мол

Шайдың көзге және ойлау жүйелеріне пайдасы мол

Шайдың көзге және ойлау жүйелеріне пайдасы мол Қазақстан шайды ең көп тұтынатын елдердің ондығына енді, деп хабарлады bigpicture.ru. Шайқорлар тізіміне шайдың алуан түрін өндіретін Қытай мен Үндістан да кірмеген.
Үндістанда шайдың көп ішілмеуін сарапшылар тұрғындардың басым бөлігінің тұрмыс жағдайының төмен болуымен байланыстырады. Ал Қытайда шайды демдеудің дәстүрлі әдістерін пайдаланады. Бұл шайды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қытайлықтар көк шайды ұнатады. Оны бірнеше рет қайнатуға болатынын ескерсек, қытайлардың шай тұтыну көрсеткіші жоғары бола қоймайды.
Әлемде шайды ең көп ішетін ел – Түркия. Шайды тұтынудың бұл елдегі орташа мөлшері – халықтың жан басына шаққанда 6,87 келіні құраған.Түркиядан кейінгі екінші орында Марокко тұр. Бұл елдегі шайды тұтынудың орташа көрсеткіші – халықтың жан басына шаққанда 4,34 келі.Үшінші орында – Ирландия. Мұндағы орташа көрсеткіш – 3,22 келі шай.Төртінші орын Мавританияда. Бұл елдегі шай тұтыну көрсеткіші Ирландиямен шамалас. Бесінші орында – Ұлыбритания. Бұл елдегі шайды тұтынудың орташа көрсеткіші – адам басына шаққанда 2,74 келі. Ал алтыншы сатыда Сейшель аралдары тұр. Мұндағы орташа көрсеткіш –2,08 келі.
Жетінші және сегізінші орынды Біріккен Араб Әмірліктері мен Кувейт иемденсе, тоғызыншы орында Катар тұр. Катарлықтар жылына орта есеппен 1,60 келі шай ішеді екен.
Ондықты Қазақстан тәмамдап тұр. Елімізде шайды тұтынудың орташа көлемі әр тұрғынға шаққанда 1,54 келіден келеді.Қазақтардың шайды қалай ішетіні туралы XIX ғасырдың орта шенінде жапондық зерттеуші М.Киттар «Қазақтар шай ішкенде уақыт та, орын да талғамайды. Кез келген тамақтан бұрын да, кейін де іше береді» деген екен. Қазақтың қонағына ұсынатын ең басты сусыны да – шай. Бүгінде Қазақстан тұрғындарының 99% күн сайын шай ішеді. Бұл ел халқының тең жартысы жартысы күніне бұл сусынның 4 кеседен астамын тұтынатынын білдіреді. Шай ішу қазақтың ұлттық дәстүріне айналды. Бір шыны шай ішуді ұсынған кезде одан бас тарту тәрбиесіздік ретінде саналады. Қазақстанда шай әзірлеудің сан алуан әдістері бар. Олардың кейбіреуі өзгелерге жат көрінуі мүмкін (мәселен, қаймақпен, тұзбен, талқанмен шай ішу).
Шайдың көзге және ойлау жүйелеріне пайдасы мол. Шай ішкен кезде адамның ойлау жүйесі мен есте сақтауы азда болса артады, шығармашылық ой-өріс оянады. Сондай-ақ, бұл сусын психикалық ауыртпалықтар (депрессия) түскен кездерде оны жеңілдетуге көмектеседі. Алайда, шайды шамадан тыс көп пайдалану және тұтыну шарттарын сақтамау денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Мәселен, аш қарынға суық шай ішуге болмайды. Себебі ол өт пен асқазанға зиян. Керісінше, жылы және ыстық шай бойды сергітіп, сананы сейілтеді. Суық шай бүкіл ағзаны тітіркендіреді.Сондай-ақ, тағамның алдында шай ішкен дұрыс емес екен. Өйткені шай сілекейді қышқылдандырып, оның дәмін сезуді қиындатады. Мұндай жағдайда ас қорыту қызметінің протеинді сіңіруі уақытша азайып кетеді. Тамақтан соң бірден шай ішуді де медицина құптамайды. Ішкіңіз келсе, жарты сағат күтіңіз. Өйткені шай құрамындағы танин, протеин мен темірдің қатқылдануы тағам сіңімділігін төмендете түседі.
Қазақ шайдың дәмі көруі үшін сүт қатқанды ұнатады. Шайдың құрамында 200-ге тарта биологиялық белсенді заттар бар. Олардың кейбірі шайға сүт қосылған кезде еш пайда бермейді немесе кері әсер етуі де мүмкін екен. Сондықтан, дәрігерлер мүмкіндігінше шайды сүтсіз ішуге кеңес береді. Сонымен қатар, жүкті әйелдердің де шайды өте аз мөлшерде ішкені дұрыс. Өйткені шайдың құрамындағы кофеин іштегі ұрықтың дамуын тежейді. Жапон зерттеушілерінің дерегі бойынша, 5 шыны аяқ қою шайдың құрамындағы кофеиннің мөлшері іштегі баланың салмағының жетпей туылуына себеп бола алады екен.  Атеросклероз (артерияның созмалы ауруы) ауруымен ауыратындар мен қан қысымы бар (гипертония) адамдардың қара шайды тартынып ішкені жөн. Әсіресе, аурулары өршіп тұрған кездерде қара шай ішуге болмайды. Өйткені шайдың құрамындағы кофеин мен теофиллин науқас адамның орталық жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді.
Шайдың құрамындағы кофеин мен хош иісті заттар ұйқыны қашыратынын біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан ұйқысыздыққа бейім адамдарға кеші сағат 18-ден кейін шай ішуге болмайды.

http://turkystan.kz/kz/news/view/62684
22-12-2014, 13:47
952 просмотров