» » Онкология саласында скрининг оң нәтижелер беріп отыр - Мұхтар Төлеутаев

Онкология саласында скрининг оң нәтижелер беріп отыр - Мұхтар Төлеутаев

Онкология саласында скрининг оң нәтижелер беріп отыр - Мұхтар ТөлеутаевАСТАНА. ҚазАқпарат - Онкология саласында 6 скрининг оң нәтижелер беріп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада қатерлі ісікті емдеу тақырыбына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Астана қаласы Онкологиялық орталығының бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев мәлім етті.

«Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын жақсарту, онкологиялық дерттің зардабынан өмірден ерте кеткен адамдардың санын азайту бағыттарында біздің медицина саласына үлкен тапсырма берді. Осы орайда еліміздің онкология саласы мен Астанадағы орталық тиісті жұмыстарды атқаруда. Биыл онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасының төртінші жылы аяқталып жатыр, яғни көрсеткіштері жаман емес. Бүгінгі жетістіктерімізге тоқталатын болсақ, сырқаттың бірінші, екінші сатысында диагноз қойылып, ем шаралары дер кезінде жасалуда. Осы орайда бүгінде елімізде сырқатқа шалдыққан адамның 5 жылдық өмір сүру көрсеткіштері 50 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш соңғы төрт жылдың ішінде 3-4 пайызға көбейді», - деді М. Төлеутаев.

Осы орайда ол қазіргі кезде елімізде онкология саласында 6 скрининг өткізілетінін және шаралардың қорытындысы оң нәтиже беріп отырғанын атап өтті. Бүгінде 80 пайыздан астам сырқаттар бірінші және екінші сатысында анықталып жатыр. Сонымен қатар М. Төлеутаев дер кезінде жасалған ем-дом, оталардың көмегімен адамдар дертінен толық сауығып кететінін жеткізді.

 

 

Автор:Руслан Ғаббасов

http://inform.kz/kaz/article/2843344

27-11-2015, 16:53
545 просмотров