» » Әр азаматтың денсаулық құжаты болады

Әр азаматтың денсаулық құжаты болады

Әр азаматтың денсаулық құжаты болады  Қазақстан Республикасының 2013-2020 жылдарға арналған электрондық денсаулық сақтау тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде республикада электрондық денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесін құру жайы талқыланды.
Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қазіргі заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығы» АҚ ұйымдастырған «Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық технологиялар: табыстар мен үндеулер» атты халықаралық конференция өтті.
Шара барысында Қазақстан Республикасының 2013-2020 жылдарға арналған электрондық денсаулық сақтау тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде республикада электрондық денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесін құру жайы талқыланды.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің (ДСӘДМ) Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Светлана Шубина электрондық денсаулық сақтау жүйесін құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды. Қазіргі таңда электрондық денсаулық сақтаудың саясатын анықтайтын, қажетті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге және енгізуге, медициналық ақпараттармен алмасуға және ықпалдастыруға жауап беретін орталықтандырылған сервистер, қызметтер мен жүйелер жасауды және пайдалануды қамтамасыз ететін институционалдық құрылымдар жасалды. Ортақ платформа құру жұмыстары 2015 жылы аяқталады.
Министрлік өкілі өз баяндамасында электрондық денсаулық төлқұжаттарын енгізу жайына кеңінен тоқталды. «Электрондық денсаулық сақтаудың орталық элементі – мемлекеттің әр азаматының электрондық денсаулық паспорты болады. Ол адам денсаулығы, бұрынғы және қазіргі аурулар, сонымен қатар аллергологиялық және имундық ахуалы туралы басты жиынтық мәліметтерді қамтамасыз ететін құралы болып табылады. 2016 жылы электрондық денсаулық паспорттарын ҚР медициналық ұйымдарында енгізілуі жоспарланған» деді ол.
Бұл жүйе бойынша «Ақпарат пациентпен бірге жүреді» қағидасы іске асырылады. Бұл науқасқа көмек көрсету барысында медициналық қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетеді, қай кезде және қандай өңірде жүрмесін, өткізілген диагностикалық және емдеу іс-шаралары туралы ақпаратты алуға және қолдануға мүмкіндік береді.  
Электрондық төлқұжат негізінде пациентке өз денсаулығы, дәрігерге бару туралы хабарламалар, скрининг немесе профилактикалық тексеруден өту жөнінде ақпарат ала алатын жеке кабинетін жасау жоспарланған.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы 2010 жылдан өзіне бағынысты ұйымдарда медициналық ақпараттық жүйелерді енгізуді бастады.
Кешенді медициналық ақпараттық жүйелердің (КМАЖ) енгізілуі аурухана менеджментін жетілдірудегі ықпалы туралы ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының бас дәрігері Әмір Ахметов мәлімдеді.
Қазіргі таңда ауруханада медициналық-технологиялық үдерістерді сүйемелдеу бойынша ақпараттық-талдамалық кезеңі іске асырылуда. Жүйе үйлесімді және ықпалдастырылған функционалдық-кеңейтілген модульдер кешені боп табылады. Ол тәуекелдерді, шығындарды және жұмсалған еңбекті азайтады. «Ақпараттық жүйені пайдалану науқасқа қатысты мәліметтерді орталықтандырылған күйінде сақтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде медициналық мамандарға қағаз сараптамаларды жібермей-ақ, емханалық карта арқылы қажетті ақпаратпен танысуға мүмкіндік береді» деді Ә.Ахметов.
Қазіргі таңда КМАЖ-ға 500-ден астам автоматтандырылған жұмыс орны қосылды. Жүйеде 215 дәрігер, 297 медбике жұмыс жасайды. Конференция соңында «Информатика Сибири» ЖАҚ, «Брегис» ҚБ және «MedElement» ЖШС сияқты медициналық ақпараттық жүйелерді өндірушілер медициналық қызметкерлерді өз өнімдерімен таныстырды.
 
Еркін ҚАЛДАН
 
http://aikyn.kz/articles/view/55601
20-08-2014, 10:29
1080 просмотров