ӘРІПТЕС АҒА ЖӨНІНДЕ

ӘРІПТЕС АҒА ЖӨНІНДЕЖарылқаған Мырзалиев 1947 жылы Арал ауданының «Жаңақұрылыс» елді мекенінде дүниеге келген. 1965 жылы Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебін бітірді. Сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатриялық факультетіне түсіп, оны 1971 жылы аяқтады. 1971-2000 жылдары Қазалы аудандық орталық ауруханасында алғашында балалар хирургі, хирургиялық бөлімше меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарды. 2000 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық орталық ауруханаға басшылық етті.

Кейін Қызылорда қаласына қоныс аударды. Зейнетке шықса да қол қусырып отырмай, Қазақ лепрозорий мекемесінде дәрігер эпидемиолог болып қызмет атқарады.

Жан жары Рыскүлмен бірге үш ұл-қызды өмірге әкеліп, бүгінде олардан тараған ұрпақтардың қызығын көруде. Үлкен ұлы Дархан – заңгер, Астанада. Ұлы Алау - экономист, Қызылорда қаласында жұмыс істейді. Әке жолын қуған қызы Арай – дәрігер, күйеу балалары Мұрадым да дәрігер.

Жәкеңнің фармацевтика саласында ұзақ жыл еңбек еткен туған ағасы Жарылқасын Мырзалиев танымал ақын, бірнеше өлең кітаптары жарық көрген.

Медицинада жарты ғасырға жуық еңбек еткен оның дәрігерліктің қыр-сырын меңгергеніне еш шүбәміз жоқ. Ол бүгінде медицина ардагері ретінде өзінен кіші әріптестеріне тәлімгер болудан жалықпайды. Керек кезінде ағалық кеңесін аямайды.

Жетпіс жастық мерейтойын атап өткелі отырған Жарылқаған ағаға өмірдегі бар жақсылықты иеленуіне, мерейінің үстем болуына інілік тілектестігімді білдіремін.

 

Мәжит НЫСАНОВ,

Қызылорда қаласы,

"Сыр медицинасы" газеті

 

17-01-2018, 17:45
134 просмотров