» » ҚЫЗЫЛОРДАДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ БАР КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ БАР КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ БАР КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

Алдағы 2 жылда тағы 8 нысанның құрылысы жүреді. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді.

«2017 жылы денсаулық сақтау саласындағы апатты нысандардың мәселесін шешу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде авариялық нысандар проблемасы шешіліп жатыр. 5 жылда салынған 57 нысанның 49-ы апатты объектілердің орнына бой көтеріп, жаңаланды. Қалған 8 нысанның құрылысын алдағы 2 жылда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 150 орындық аудандық аурухана пайдалануға берілді. Биыл Арал ауданында 150 орындық орталық аурухана ашылады. Келер жылы Шиелідегі аудандық аурухананың құрылысын тәмамдаймыз. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданындағы 250 келушіге арналған емхананы салып бітіреміз»,-деп атап өтті аймақ басшысы.

2018 жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында Арал ауданының Беубауыл, Қазалы ауданының Өркендеу, Сырдария ауданының Ақжарма ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысын бастау көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қазалы ауданында 250 орындық емхананың жобасы әзірленеді. Қызылорда қаласында 100 келушіге арналған 300 орындық емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар көпсалалы аурухананың іргесі қаланады.

«Сондай-ақ, биыл Жалағаш кентіндегі апатты жағдайдағы 100 орындық аурухананың жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтап, жыл соңына дейін құрылысын бастап кетуге күш саламыз. Денсаулық сақтау саласындағы тағы 24 жобаны мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырамыз, яғни 15 дәрігерлік амбулатория, 3 емхананың жобалық құжаттарын дайындап, құрылысына кірісеміз. Медициналық қондырғы алу мақсатында 6 жобаны іске асырамыз», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл аймақтағы денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық қондырғымен қамтылу көрсеткішін 90%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш 43% болса, 2017 жылы 76,5%-ға жетті.

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2425-yzylordada-onkologiyaly-blmshes-bar-kpsalaly-auruhana-salynady.html

14-02-2018, 21:32
155 просмотров