ҚЫЗЫЛОРДАДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ БАР КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ БАР КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

Алдағы 2 жылда тағы 8 нысанның құрылысы жүреді. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді.

«2017 жылы денсаулық сақтау саласындағы апатты нысандардың мәселесін шешу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде авариялық нысандар проблемасы шешіліп жатыр. 5 жылда салынған 57 нысанның 49-ы апатты объектілердің орнына бой көтеріп, жаңаланды. Қалған 8 нысанның құрылысын алдағы 2 жылда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 150 орындық аудандық аурухана пайдалануға берілді. Биыл Арал ауданында 150 орындық орталық аурухана ашылады. Келер жылы Шиелідегі аудандық аурухананың құрылысын тәмамдаймыз. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданындағы 250 келушіге арналған емхананы салып бітіреміз»,-деп атап өтті аймақ басшысы.

2018 жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында Арал ауданының Беубауыл, Қазалы ауданының Өркендеу, Сырдария ауданының Ақжарма ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысын бастау көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қазалы ауданында 250 орындық емхананың жобасы әзірленеді. Қызылорда қаласында 100 келушіге арналған 300 орындық емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар көпсалалы аурухананың іргесі қаланады.

«Сондай-ақ, биыл Жалағаш кентіндегі апатты жағдайдағы 100 орындық аурухананың жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтап, жыл соңына дейін құрылысын бастап кетуге күш саламыз. Денсаулық сақтау саласындағы тағы 24 жобаны мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырамыз, яғни 15 дәрігерлік амбулатория, 3 емхананың жобалық құжаттарын дайындап, құрылысына кірісеміз. Медициналық қондырғы алу мақсатында 6 жобаны іске асырамыз», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл аймақтағы денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық қондырғымен қамтылу көрсеткішін 90%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш 43% болса, 2017 жылы 76,5%-ға жетті.

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2425-yzylordada-onkologiyaly-blmshes-bar-kpsalaly-auruhana-salynady.html

14-02-2018, 21:32

АҚ ХАЛАТТЫЛАР АҒАТТЫҚ ЖАСАСА...

АҚ ХАЛАТТЫЛАР АҒАТТЫҚ ЖАСАСА...Әсел ӘНУАРБЕК

 

Ұлттың саулығыболашақ ұрпақтың да саулығы. Сондықтан, азаматтардың денсаулығы әрқашан басты назарда. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі мен ақ халаттыларға артылар жауапкершілік үлкен. Бірақ соңғы жылдары дәрігерлер абзал жан болудан қалып бара ма деген үрей басым. Жұртшылықтың дәрігерлер жұмысына көңілі толмауы, олардың үстінен шағым түсіруі, тіпті, дәрігерлердің біліксіздігі байқалатын жайттар жиі кездесуде. Осындай жайттардан кейін антына адал бола алмаған дәрігерлерді қалай жазалау керек? Жалпы, оларды жазалаған дұрыс па? Дәл осы сауалдар қазір қоғамда қызу талқылануда. Бұған Денсаулық сақтау министрінің жасаған мәлімдемесі себеп болды.

Дәрігердің қателесуіне бола ма?

Жуырда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Мәжіліс депутаттарының алдында жаңа реформаны таныстырған болатын. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жүйесіне көшіру туралы жобасын таныстыруға сақадай-сай болып келген министр ә дегеннен-ақ халық қалаулыларының қатаң сынына ілікті. Цифрландыру жүйесінен бөлек әңгіме ауаны дәрігерлердің жауапкершілікке тартылуына ойысты. Бұл ретте министр ақ халаттыларды ақтап алуға барын салды. Сөйтті де, «қате диагноз қойған дәрігерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы қажет» деп кесіп айтты. Неге? Министрдің сөзінше, дәрігерлерді жауапкершілікке тарту медицина саласына кері ықпал етуі ықтимал. Себебі ақ халаттыларды қателігі үшін соттай беретін болса, жастар дәрігер болудан қорқып, адам емдейтін мамандар таппай қалуымыз әбден мүмкін. Қазірдің өзінде қауіп-қатері жоғары салаларда мамандар тапшылығы сезіліп отыр.

Ал Елжан Біртановтың келесі сөзі жұртшылықтың тіптен ашуын туғызған сыңайлы. Ғаламтор қолданушылары министрдің сөздерін ертегіге балады. Ол – «медицина қызметкерлерінің қателік жіберуге қақы бар». «Дәрігер жұмысына атүсті қараса жазалау керек. Ал егер науқасты емдеуге бар күшін салып, бірақ қателік жібергені дәлелденсе, кешіріммен қарауға шақырамын. Дәрігерлік қателік үшін жазалауға болмайды, бұл біздің қатаң ұстанымымыз. Өйткені дәрігерлердің қателік жіберуге құқысы бар. Жүз пайыз науқастың диагнозын, оны емдеу жолын білу мүмкін емес», – деді Елжан Біртанов. Министрдің айтқанынан түйгеніміз, медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігі бола тұра немқұрайлылық танытқан дәрігер жазалануы қажет. Ал науқасты аман алып қалуға барын салғанымен, қателік жіберіп алған ақ халаттының ағаттығы кешірілуі тиіс.

Хош, кез келген пенде қателеседі. «Қателеспейтін адам болмайды» деп жұрт өзін жұбатып жүре берер еді. Бірақ дәрігердің дұрыс диагноз қоя алмағанының кесірінен адам өлімі орын алса, оны кешуге бола ма? Жұртшылық үшін министрдің дәрігерлерді бұлай ақтауы қисынсыз көрініп отырғаны да түсінікті. Бір жағынан, Елжан Біртановтың кадр тапшылығы орын алуы мүмкін деп қауіптенуі де ойға қонымды мәселе тәрізді. Десек те, адам тағдыры таразыға түскен сәтте мәселенің оңы мен терісін айқындап отыру орынсыз.

Айта кетейік, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша дәрігерлік қателік жасаған мамандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ал министр осы құжатты қайта қарау керектігін айтып отыр. Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі дамыған мемлекеттерде қателескен дәрігерлер жазаланбайды. «Қателіктер қарастырылады, персоналды оқытуға бағытталған тиісті шаралар қолға алынады, бірақ дәрігерлер жазаланбайды. Егер біз дәрігерлік қателік үшін жазалай берсек, онда дәрігерсіз қалатынымыз анық. Өзім бұрынғы дәрігер-реаниматолог ретінде айтарым, адамдардың қателеспеуі мүмкін емес», – дейді Денсаулық сақтау министрі.

«Тәуекел салығы» туралы сөз

Естеріңізде болса, 2017 жылдың жазында да Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер кәсіби қателіктер үшін қылмыстық жазаға тартылмайды деп мәлімдеген еді. Оның орнына ақ халаттылардың тәуекел салығын төлейтіндігі айтылған. «Дәрігердің мамандығына байланысты міндетті сақтандыру жарнасы 24 мың мен 40 мың теңге аралығында. 40 мың хирургтардан алынады, себебі олардың тәуекелі ең жоғары. Қатардағы медқызметкерлер 5 мың теңгеден аударады. Егер де дәрігерлердің қателігінен пациенттің денсаулығына зиян келсе, 900 мың мен 1 миллион 800 мың теңге аралығында, қайғылы жағдай болса 2 миллион теңгеден аса өтемақы төленеді», – деген еді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева. Яғни, әр дәрігер қорға ақша жинайды. Сол қорға түскен қаржыға емнен денсаулығына зиян келсе немесе өлім жағдайы тіркелсе, науқасқа өтемақы қарастырылады. Денсаулық сақтау министрлігі осылайша дәрігерді сотқа сүйреуден құтыламыз деген болатын. Министрлік есепке 29 мың дәрігерді алып отыр. Оған сәйкес қорға бір жылда бір миллиард теңгеден артық түсуі тиіс. Дәрігердің қателігін тыю мүмкін еместігін түсінген министрлік осылай сақтанбақшы.

Өткен жылғы статистикалық деректерге сенсек, бір жылда ақ халаттылардың үстінен 500-ге жуық шағым түседі. Бірақ оның санаулысы ғана сотқа жетеді. Мысалы, 2016 жылы 15 дәрігер жазаға тартылса, 2015 жылы екеуі ғана жазаланды. Көпшілік дәрігердің кінәсін дәлелдеу басқа бір дәрігердің қолында болғандықтан, қиынның қиыны дейді. Қарға қарғаның көзін шұқымайтыны жазылмаған заң. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігі де мамандарын қорғау үшін барын салуда.

Ал бір ғана Ақтөбе облысында өткен жылы дәрігерлердің үстінен жүзден астам шағым түсіпті. Түскен шағымдардың басым бөлігінде медицина қызметкерлерінің дөрекі сөйлейтіндігі, науқастарға мәдениетсіздік көрсететіндігі айтылады. Науқастардың арыз-шағымымен танысқан облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мұндай ақ халаттыларды жазалау керектігін айтады. «Науқастар дәрігерлердің дөрекілігіне, кәсіби этиканы сақтамайтынына шағымданады. Ауру адам дәрігерге бармай, қайда барады? Соңғы үміті медицина қызметкерлерінде емес пе? Науқастар дәрігер дөрекі сөйлесе, ауру үстіне ауру жамайды ғой. Дөрекі сөйлеп, мәдениетсіздік көрсеткен дәрігерлер мен басшылар жазалануы керек», – дейді Бердібек Машбекұлы.

Жұрт не дейді?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың дәрігерлерге қатысты пікірі мен көзқарасы қоғамда екі түрлі пікір қалыптастырды. Министрдің сөзін қолдайтындар да, «қателік жасаған дәрігерлерді жазалау керек» деп ұрандатқандар да табылды. Әрине, әркімнің өз шындығы бар. «Дәрігер де адам, ол да қателеседі» дейтіндердің де, «адам өміріне жауаптылардың ісі сауатты болуы керек» деп пікір білдіргендердің де айтқандары дұрыс. Бірақ ешбір дәрігер жасаған қателігі үшін жазаланбаса, ақ халаттылардың «қателіктері» көбейіп кетпесіне кім кепіл? Осындай жеңілдікті пайдаланып, адам тағдырын ойыншыққа айналдырып алса, оған кім жауапты болады? Гиппократ антын қабылдағандардың серттен тайып, «қателігім кешіріледі» деп еркінсіп кетпесіне министрлік сенімді ме?

Екінші жағынан, медицина саласында білікті мамандар да көп. Бәріне бірдей қара күйе жағуға әсте болмас. Ал сол білікті кадрларды бағалай алмай отырған министрлік олардың қателігін ақтап алуға неге құмартып отыр? Бағалай алмай отыр дегенде, бүгінгі дәрігерлердің әлеуметтік ахуалын сөз қылғымыз келген. Ақ халатты жандардың жалақысының төмендігін, есесіне атқарар жұмысының ауыр екендігін талай мәрте жазғанбыз. Егер дәрігерлердің жалақысына қосымша ақы қосылар болса, олар да барынша мінсіз қызмет етуге тырысар ма еді?! Емханаларда науқастар дәрігерлердің қызмет көрсету сапасын бағалап, сол арқылы ақ халаттыларға үстеме сыйақы төленетін болса, мәселе бір шешімін табар ма еді, кім білсін?!

Денсаулық сақтау министрінің мәлімдемесінен кейін дәрігерлерді кәсіби қателігі үшін жазалауға қатысты қарапайым халық арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Бұл сауалды дәрігерлер қауымына жолдамадық. Олардың өздерін қорғап тұрған министрге қарсы пікір білдірмейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан сол дәрігерлердің алдында жиі болатын қарапайым азаматтардың ой-пікірімен шектелдік. Жұрттың пікірі екіге жарылды. Тіпті, пікір білдірушілер арасынан дәрігерлерді емес, сол министрлікте отырған басшыларды жазаға тарту керек дегендер де табылды.

Нұржамал Әмірәлиева, 45 жаста:

– Дәрігерлер неге қателесуі керек? Сол мамандықты таңдаған кезде олар адам өміріне жауапты екендіктерін білді емес пе? Ендеше, дәрігердің қателесуі деген миға сыймайтын дүние. Сондықтан министрдің «дәрігердің де қателесуге қақы бар» дегенін құптай қоймаймын. Емханаларға барғанда талай дәрігердің науқастармен қалай сөйлесетінін көріп жүрміз ғой. Соның бәріне шыдап жүрген қарапайым халық енді дәрігерлердің кесірінен мүгедек атанса да, бәрін кешіру керек пе?

Берік Еркінұлы, 26 жаста:

– Дәрігерлердің жұмысы оңай емес. Олар да пенде ғой. Өздерінің қателескенін қалайды дейсіз бе? Кім біреудің өліміне себепші болғысы келеді? Сондықтан бас салып дәрігерлерді айыптау дұрыс емес. Министрдің ақ халаттыларды қорғап отырғаны қуантты. Әйтпесе, басшылықтағылар кінәні аудару үшін қарамағындағыларды төмпештеуге дайын тұрады ғой. Дәрігерлердің еркінен тыс орын алған қателіктер үшін кешірім беруді мен де құптаймын.

Толқын Жөңкебаева, 37 жаста:

– Біздер, қарапайым халық дәрігерлердің жұмысы қаншалықты қиын екенін біле бермейміз. Газет беттерінен олардың науқастардан бөлек құжат толтырумен әуре болатынын оқып отырып, оларға жаным ашып-ақ кетеді. Бірақ диагнозды дұрыс қоймағандықтан, балаларынан, жақындарынан айырылып қалып жатқандардың жайы не болмақ? Бұл мәселені министрлік шеше ала ма? Шеше алмаса, сол министрліктегілердің өздерін жазалау керек. Қарамағындағылардың жұмысын қадағалай алмаса, олар жылы орындарында неге отыр? Дәрігерлерді жазаламау керек дегенше, олардың халықты дұрыс емдеуіне жағдай жасасын.

Кәмшат Мұсаева, 40 жаста:

– Дәрігерлерді жазалаудан бұрын азаматтардың жауапкершілігін арттыру керек. Көпшілігіміз ауру бойымызды әбден дендегенде ғана дәрігерге барамыз да, соңында дәрігерлерді айыптап шыға келеміз. Өзіміздің қателігімізді ескермейміз де.

Бұл біз жинаған пікірлердің бірнешеуі ғана. Қарап отырсаңыз, әрбір азаматтың сөзінің жаны бар. Рас, дәрігерлер антына адал болуы қажет. Ақ халаттылар кәсіби міндетінде мүлт кетпеуі шарт. Себебі оның қолында бір адамның тағдыры тұр. Дегенмен де бүгінге дейін дәрігерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарамауының салдарынан қаншама науқас дертіне дерт қосты. Ақ халатты абзал жандарға деген сенім жоғалып барады. Оған себеп, тағы да дәрігерлердің біліктілігіне күмән туғызатын қайғылы жағдайлардың көптеп орын алуы. Қандай қателіктің де өтеуі болады. Сондықтан кәсіби қателік жіберген дәрігерді жазаламаудың жолын іздегеннен гөрі, сол қателіктің орын алмауына жағдай жасаған абзал.

https://turkystan.kz/article/46989-a-halattylar-a-atty-zhasasa

12-02-2018, 13:27

Медициналық сақтандырудың басым бағыттары

Медициналық сақтандырудың басым бағыттарыБіз қазір Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген міндеттерді атқаруға кірісіп кеттік.

Медициналық сақтандыру қоры осы Жолдаудағы ең маңызды деген үш міндетке басымдық беріп отыр. Оның біріншісі:

 

Ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету

Былтыр қараша айында біз қордың мобильді қосымшасын іске қосқан болатынбыз.«МСҚ: Халықтық бақылау» деп аталатын бұл қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емханалар мен стационарлардың жұмысына баға беруге болады. Онда дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер есепке алынады. Сонымен қатар, қосымшаны пайдаланушылар кез келген медицина ұйымы жайлы пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Алдағы уақытта осы пікірлер негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Ал, бұл азаматтарға еліміздегі ең үздік деген емханалар мен клиникаларды таңдауға көмектеседі. «Халықтық бақылау» қосымшасын Android және iOS платформаларымен жұмыс істейтін телефондарға көшіріп алуға болады.

Мобильді қосымша үнемі жаңартылып, толықтырылып отырмақ. Алдағы уақытта оған емханаға тіркелу, медициналық қызмет сапасын бағалау, медицина ұйымдарының қызметін ұйымдастыру, дәрігерге жазылу сынды функционалдарды қосу көзделіп отыр.

Екіншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін оңтайландыру

Жалпы, бұл құжат үкімет тарапынан бекітіледі. Біз өз ұсыныстарымызды әзірлеп өкілетті органға береміз. Бір сөзбен айтқанда, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады деуге болады. Біздің міндетіміз – мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы созылмалы сырқаттарды емдеу жүйесіне көшу.

Алдағы екі жылда Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне енетін медициналық қызметтерді іріктеумен айналыспақ. Іріктеу барысында медициналық қызметтерге деген сұраныс пен олардың тиімділігі міндетті түрде ескеріледі.

Үшінші мәселе – стационарлық көмектен профилактикаға (аурудың алдын алуға) және өзге де қызмет түрлеріне көшу

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің бағасы қымбат болып келетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға ден қоюы керектігін қадап айтты. Бұл өте дұрыс айтылған мәселе. Себебі біздің елімізде науқастардың 70 проценті дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қалтасынан шығатын қаражат бірнеше есе артады. Біз болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге, соған басымдық беруге күш саламыз. 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың 5 проценті осы қызмет түрлеріне жұмсалатын болады. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар ауқымын едәуір арттыру көзделіп отыр.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жайында ҚР Президентінің биылғы Жолдауында халықты сапалы жұмыспен қамту және лайықты әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру проблемасы да айтылды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселені шешу үшін азаматтардың мүмкіндіктерін арттыру қажет. Сондай-ақ, Елбасы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу процедураларын жеңілдету керектігін айтты. Яғни, қолайлы жағдай жасалса, азаматтар үшін мемлекет алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындау тиімді болары сөзсіз.

Мемлекеттік органдар Президенттің өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты экономикаға жұмылдырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту туралы тапсырмасына сәйкес, бірқатар іс-шараларды әзірледі. Атап айтсақ, заң актілерінде «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деген түсінікті нақтылау, өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарды мемлекеттік табыс органдарында тіркеу тәртіптемесін жеңілдету, олардан салық өндіру тәртібін айқындау, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды тіркейтін мекемелер қызметін толығымен цифрландыру, жергілікті атқару органдары мен орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін бір-бірімен ықпалдастыру көзделген. Оған қоса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға аз мөлшерде жарна төлеп, МӘМС пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілетінін де айта кеткеніміз жөн.



«Әлеуметтік медициналық

сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда

облысы бойынша филиалының

«Халықты ақпараттандыру және

өтініштерді қарастыру бөлімі».

http://syrboyi.kz/densaylik/17645-medicinaly-satandyrudy-basym-bayttary.html
10-02-2018, 14:57

"Жедел жәрдем" қызметі жаңа ережеге көшті

"Жедел жәрдем" қызметі жаңа ережеге көштіҚазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылы 8 қаңтар күні «Жедел жәрдем» қызметіне бірнеше өзгеріс енгізді.

 

Қазақстан бойынша барлық аймақта «жедел жәрдем» шақыру нөмірі – «103».

Кез келген азаматтан келген қоңырау бойынша жедел жәрдем көлігін жіберуші диспетчер мына ақпаратты міндетті түрде сұрауы керек: Тегі. Аты. Әкесінің аты. Жасы. Жынысы.

Аяқ асты орын алған әлде қасақана жасалған жағдайға байланысты сұрау да жасалады (сынық әлде жұқпалы ауру).

Үйдің мекен-жайы. Телефон нөмірі. Көмек сұраушы тараптың үйіне дейінгі маршурт да сұралады.

Диспетчер мен «жедел жәрдем» қызметкерлерінің арасындағы талқылау 5 минут. Осы уақыт ішінде олар сіздің жағдайыңыз туралы айтып, қажетті құралдарды алып жолға шығуы керек.

«Жедел жәрдем» бөлімі кезекші дәрігерге бағынуға міндетті.

 

«Жедел жәрдем» диспетчерінің жедел қызмет көрсетуі 4 категорияға бөлінеді:

 

1-категория бойынша жедел қоңырау – науқас адамның өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда тез арада медициналық көмекке мұқтаждық;

2-категория бойынша жедел қоңырау – науқас адамның өміріне қауіп төніп тұрған, бірақ медициналық көмекке мұқтаж емес жағдайда;
3-категория бойынша жедел қоңырау – науқас адамның денсаулығына қауіп төніп тұрған, бірақ медициналық көмекке мұқтаж емес жағдайда;
4-категория бойынша жедел қоңырау – науқас адам дертінің асқынған немесе тұқым қуалайтын ауруына байланысты, ешқандай өміріне және денсаулығына аса қауіпті зақым келмейтін жағдайда. «Жедел жәрдем» бөліміне алғашқы 1,2,3 категориядағы қоңыраулар келген жағдайда автоматтандырылған тәртіппен қызмет жасалып, диспетчер арнайы жасақталған жедел жәрдем тобын жіберуге міндетті. Д

испетчер қоңырауды қабылдағаннан кейін "Жедел жәрдемнің" келу уақыты:
1-категория бойынша – 10 минут ішінде келуі керек;
2-категория бойынша – 15 минут арасында келуі керек;
3-категория бойынша – 30 минут ішінде келуі керек;
4-категория бойынша – 60 минутқа дейінгі уақыт ішінде жетуі керек.

Дереккөз: https://massaget.kz/layfstayl/Zdorove/50770/

http://syrboyi.kz/zedelnews/17591-zhedel-zhrdem-yzmet-zhaa-erezhege-ksht.html
8-02-2018, 16:04

САЛА СЕРПІНДІ ДАМУДА

САЛА СЕРПІНДІ ДАМУДА

2016-2019 жылдарға арналған ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, халықтың денсаулығын нығайтып, күтілетін өмір сүру ұзақтығын 72,1 жасқа дейін ұзартуды көздейтін Аймақтық іс-шаралар жоспары бекітілді. Аймақтық іс-шаралар жоспары денсаулық сақтау саласының жұмысын бағалайтын 36 индикаторларға жетуді көздейтін 200-ден астам шарадан құралады.

2017 жылы медициналық көмектің барлық кезеңдерінде сапалы, уақытылы және қолжетімді медициналық қызметті қамтамасыз ету үшін медициналық қызметтің интеграцияланған моделін жүйелі ұйымдастыру бағытында жоспарлы жұмыс жасалды.

Демографияға елеулі әсер ететін және барлық өлім-жітімнің 52 пайызын анықтайтын аурудың 5 тобы бойынша аталған модельді ендіруде 2016-2020 жылдарға арналған 5 «Жол картасы» әзірленді. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 2017 жылы келесі нәтижелерге қол жеткізілді:

1000 адамға шаққандағы жалпы өлім-жітім көрсеткіші 14,5% төмендеді

(1000 адамға шаққанда 2016 жылы 5,86-дан 2017 жылы 5,0-ге дейін);

нәресте өлімі 17,3% төмендеді (тірі туған 1000 нәрестеге шаққандағы өлім көрсеткіші – 2016 жылы 10,4-тен 2017 жылы 8,6 дейін);

ана өлімі 2017 жылы тіркелмеген, 100 % төмендеді (2016 жылы 1 жағдай – 100 мың тірі туғандардың 5,4-і);

қатерлі ісік ауруының өлім көрсеткіші 5,3% төмендеді (100 мың адамға шаққанда 2016 жылы 74,5-тен 2017 жылы 70,5-ке дейін);

қан айналым жүйесі ауруының өлім көрсеткіші 2,3% төмендеді (2016 жылы 104,8-ден 2017 жылы 102,4-ке дейін);

туберкулез ауруының өлім көрсеткіші 5,8 % төмендеді (2016 жылы 3,4-тен 2017 жылы 3,2-ке дейін).

Қажетті мамандарға жазылу немесе интернет және телефон арқылы үйге дәрігер шақыртуға, навигация жүйелерін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін Emdeu.kz бірыңғай ақпараттық платформасы құрылды, Call-center қызметі кеңейтілді.

Өңіріміздегі кадрлар жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында дәрігерлер мен орта буын медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған 3 жылдық перспективті жоспары бекітілді.

Қажетті мамандарды резидентураға дайындау мақсатында 2016 - 2017 жылдары бөлінген облыс әкімінің грантына 22 үміткер түсті.

34 қажетті мамандықтар бойынша 1006 дәрігер, 1855 орта буын медициналық мамандар қайта даярлау курсынан қайта оқытылып, біліктілігін арттырды.

143 жас маман облыстағы медицина ұйымдарына жұмысқа қабылданып, оның 82-сі ауылдық жерлерге жұмысқа орналас¬тырылды.

2017 жылы облыстық медицина орталығы базасында қант диабетімен ауыратын науқастарға мамандандырылған көмек көрсететін «Диабет орталығы» ашылды.

Жедел медициналық көмек қызметін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілді, мәліметтерді жөнелтудің барлық жүйесіне автоматтандырған ақпараттық бағдарламалар енгізіліп, нәтижесінде ауруханаға дейінгі өлім 8 пайызға төмендеді.

Қатерлі ісікпен ауыратын науқастарды ерте бастан анықтау және көмек көрсету сапасын жақсарту мақсатында 72 мамандандырылған кабинет ашылып, профилактикалық кабинеттермен жабдықтау 87,5 пайыздан 100 пайызға жетті, мамандармен қамтылу көрсеткіші 79,1 пайыздан 86,1 пайызға артты. Аудандардағы аталған категориядағы науқастардың наркотикті анальгетиктерге қолжетімділігі мәселесі де шешілген.

Қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға паллиативтік көмек көрсету үшін онкология орталығында паллиативтік бөлімше (хоспис) 15-тен 30 төсекке дейін кеңейтіліп және 7 аудандық ауруханада арнайы 5 төсек-орыннан бөлінді.

Жоғары мамандандырылған көмек көрсету аясының кеңеюіне орай республикалық бюджеттен қосымша 911,3 млн теңге қаржы бөлініп, ота жасау саны артты.

Жүктілік кезеңінде асқынуды төмендету, жүктілікті ерте анықтау (12 аптаға дейін) және есепке алу жұмыстары белсенді жүргізілді. Нәтижесінде ерте есепке алу көрсеткіші 86 пайыздан 90,2 пайызға дейін, ал терапевтке алғаш қаралу көрсеткіші 98,7 пайызға жетті.

Оперативті техниканы меңгерген мамандар санын ұлғайту, стационар дәрігерлер арасында 1 деңгейді арттыру бағытында жұмыстар жүргізілді. Ота жасайтын акушер-гинекологтардың үлес салмағы 60 пайыздан 71 пайызға артты.

Перинаталдық орталық жанынан жүкті әйелдерді тіркеу, олардың қауіп тобына байланысты тиісті бағытын анықтап отыруға күнделікті мониторинг жүргізетін ұйымдастыру стастикалық бөлім ашылды.

2017 жылы облыстық балалар ауруханасында хирургиялық бөлімше ашылып, 1980 ота жасалды. Сонымен қатар, 6 төсек орынды неонаталды хирургия бөлімі ашылды.

Алыста орналасқан елді мекендердегі тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында транспорттық медицина жұмысы ұйымдастырылды. 2017 жылы 62 елді мекенге жылжымалы медициналық кешендер шығып, 39255 адам қамтылды, оның скринингпен қамтылғаны 66 пайыз. Нәтижесінде 7923 науқас анықталып, оның 6193-і сауықтырылды.

Электрондық денсаулық сақтауды дамыту концепциясына сәйкес, облыстың денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары жүргізілді, облыстағы медициналық ұйымдарда 22 республикалық ақпараттық медициналық жүйе жұмыс жасауда. Сонымен қатар, электронды денсаулық сақтауды дамытуға (КМИС, Жетісу, Көмек) локалды ақпараттық жүйелер енгізіліп жұмыс жасауда.

Бүгінгі таңда локалды медициналық ақпараттық жүйелер облыстағы медицина ұйымдарының 95 пайызына енгізілген. 2017 жылы 1614 бірлік компьютерлік техника алынып, компьютерлік техникамен жабдықталу көрсеткіші 80% құрады.

Медициналық ұйымдардың материалды-техникалық базасын жақсарту үшін соңғы 5 жыл ішінде 6 279,7 млн теңгенің медициналық құрал-жадбықтары алынған. Нәтижесінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықтармен жарақтандыру көрсеткіші 32,2 пайызға өсіп, 2017 жылы 76,5 пайызды құрады.

Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі 150 орынға арналған орталық аудандық ауруханасының құрылысы аяқталды.

Арал ауданының Арал қаласындағы 150 орынға арналған орталық аудандық аурухананың құрылысы басталды.

Қармақшы ауданындағы орталық аудандық ауруханасының кәріз жүйелерін қайта жаңғырту және су айдау мұнарасын монтаждау жұмыстары жүргізілді.

Шиелі ауданының Шиелі кентіндегі 150 орынға арналған орталық аудандық аурухана және Жөлек елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория құрылысының мемлекеттік сараптамасымен қоса жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді.

Қармақшы ауданы Төретам кентіндегі және Шиелі ауданы Сұлутөбе елді мекеніндегі ауылдық ауруханалар ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қызылорда қаласындағы облыстық медицина орталығы және облыстық перинаталдық орталығының перзентхана үйі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Медициналық ұйымдарды арнайы және мамандандырылған санитарлық авто көліктермен қамтамасыз ету мақсатында 23 автокөлік сатып алынды.

https://syr-media.kz/news/1785-sala-serpnd-damuda.html

8-02-2018, 16:01

МӘМС: БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН ҮШ МІНДЕТ

МӘМС: БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН ҮШ МІНДЕТМедициналық сақтандыру қоры мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында белгілеген міндеттерді атқаруға кірісіп кетті. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімі хабарлады.

Хабарламаға сүйенсек, МСҚ Жолдаудағы ең маңызды деген үш міндетке басымдық беріп отыр. Оның біріншісі:

Ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету.

Былтыр қараша айында біз қордың мобильді қосымшасын іске қосқан болатынбыз. "МСҚ: Халықтық бақылау" деп аталатын бұл қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емханалар мен стационарлардың жұмысына баға беруге болады. Онда дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер есепке алынады. Сонымен қатар, қосымшаны пайдаланушылар кез-келген медицина ұйымы жайлы пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Алдағы уақытта осы пікірлер негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Ал, бұл азаматтарға еліміздегі ең үздік деген емханалар мен клиникаларды таңдауға көмектеседі. "Халықтық бақылау" қосымшасын Android және iOS платформаларымен жұмыс істейтін телефондарға көшіріп алуға болады.

Мобильді қосымша үнемі жаңартылып, толықтырылып отырмақ. Алдағы уақытта оған емханаға тіркелу, медициналық қызмет сапасын бағалау, медицина ұйымдарының қызметін ұйымдастыру, дәрігерге жазылу сынды функционалдарды қосу көзделіп отыр.

Екіншісі - кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін оңтайландыру.

Жалпы, бұл құжат үкімет тарапынан бекітіледі. Біз өз ұсыныстарымызды әзірлеп өкілетті органға береміз. Бір сөзбен айтқанда, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады деуге болады. Біздің міндетіміз – мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы созылмалы сырқаттарды емдеу жүйесіне көшу.

Алдағы екі жылда Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне енетін медициналық қызметтерді іріктеумен айналыспақ. Іріктеу барысында медициналық қызметтерге деген сұраныс пен олардың тиімділігі міндетті түрде ескеріледі.

Үшінші мәселе - стационарлық көмектен профилактикаға (аурудың алдын алуға) және өзге де қызмет түрлеріне көшу.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің бағасы қымбат болып келетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға ден қоюы керектігін қадап айтты. Және бұл өте дұрыс айтылған мәселе. Себебі біздің елімізде науқастардың 70 пайызы дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қалтасынан шығатын қаражат бірнеше есе артады. Біз болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге, соған басымдық беруге күш саламыз. 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың 5 пайызын осы қызмет түрлеріне жұмсалатын болады. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар ауқымын едәуір арттыру көзделіп отыр.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жайында. ҚР Президентінің биылғы Жолдауында халықты сапалы жұмыспен қамту және лайықты әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру проблемасы да айтылды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселені шешу үшін азаматтардың мүмкіндіктерін арттыру қажет. Сондай-ақ, елбасы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу процедураларын жеңілдету керектігін айтты. Яғни, қолайлы жағдай жасалса азаматтар үшін мемлекет алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындау тиімді болары сөзсіз.

Мемлекеттік органдар президенттің өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты экономикаға жұмылдырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шараларды әзірледі. Атап айтсақ, заң актілерінде "өзін-өзі жұмыспен қамтыған" деген түсінікті нақтылау, өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарды мемлекеттік табыс органдарында тіркеу тәртіптемесін жеңілдету, олардан салық өндіру тәртібін айқындау, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды тіркейтін мекемелер қызметін толығымен цифрландыру, жергілікті атқару органдары мен орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін бір-бірімен ықпалдастыру көзделген. Оған қоса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға аз мөлшерде жарна төлеп, МӘМС пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілетінін де айта кеткеніміз жөн.

https://syr-media.kz/news/1695-mms-basymdy-berlgen-sh-mndet.html

7-02-2018, 15:01

ХИДЖАМА: ЖАУАПКЕРШІЛІК КІМГЕ ЖҮКТЕЛЕДІ?

ХИДЖАМА: ЖАУАПКЕРШІЛІК КІМГЕ ЖҮКТЕЛЕДІ?
Кемпір-шал деп тілімізді түйрейміз-ау, бірақ басты жаңалық атау­лының барлығын осы кісілер арқылы біліп отыратынымыз рас. Жиын-тойы тарқамайтын үлкен кісілеріміз барған жерінде адам денесінен қан алдыру арқылы ем жасау, яғни хиджама туралы естіп, біліп келеді­. Онысын алты жаннан тұратын отбасына айтса, одан әрі отыз алты адам емнің осы түрінің кең таралып жатқанынан хабардар болады деген сөз. Ауыздан-ауызға жеткен әңгімелер мені бейжай қалдырмады. Профилактикалық ем түрін­де қолданудан басталатын хиджама егде тартқанда жаның­а бататын аурулардың алдын алу болып саналады. Әрине, денсаулығыңыз туралы барлық ақпаратқа қанығып, санитарлық ережелерді ұстанып жасаған жағдайда. Ал қазіргі кезде хиджама жасау­мен айналысатын мамандардың жарнамасынан көз сүрінеді. Әлеуметтік желіні бір ақтарсаңыз, толыққанды мәліметке қанық боласыз. Ауруынан айығып, алғысын жаудырып жатқандар одан да көп. Десек те дәстүрлі емес медициналық емнің қаншалықты пайдалы немесе зиян екенін білу үшін арнайы мамандарды іздедік.
Әдеттегідей сурет пен жарнаманың «отаны» сана­латын «Инстаграмм» әлеуметтік желісін парақтадық. Қызылорда өңіріндегі хиджама жасаушыларды іздеген біз үшін «Мой доктор» клиникасының жарнамасы «жарып тұр». Желінің төменгі тұсына түсе берсеңіз, жеке тұлғалардың үйіңізге келіп, хиджама жасап беретін жарнамалары жиі орналасқан.
ҚАН САРАПТАМАСЫ МІНДЕТТІ...
Қала орталығындағы «Мой доктор» клиникасы. Есігі айқара ашық. Кіреберіс ауызда пациенттердің сырт­қа киетін аяқкиімдері мен бөлмеге кірердегі арнайы аяқкиімдері. Тыныштық. Сірә, жан мен тән тыныштығы орнағ­ан сияқты. Өйт­кені артық ауыз шу жоқ. Бұл акус­тиканы менің есік қақ­қан қолым бұзды. Есіктің сыртындағы жазуға қарадым. «Ерлерге хиджама жасау бөлмесі». Айналама қараймын, адам жоқ. Амалсыздан, есікті аштым да, саулық сұрадым. Бір азамат алғысын ай­тып­ шығып бара жатыр. Осы емді қабылдаған болуы керек. Оны сұрап үлгермедім. Кабинеттегі админстратор қыз жылы қабылдады. Хиджама қабылдаудың мән-маңызын білуге барған маған маман барлығын ашып түсін­дірді.
Сәкен ӘБІЛДАЕВ,
«Мой доктор»
клиникасының дәрі­гері:
- Орталыққа хиджама жасау үшін келетін әр па­циенттің өміріне, денсаулы­ғына бейжай қарамаймыз. Мін­детті түрде емханада тапсырған медициналық жалпы қан сараптамасы қорытындылары болуы керек. Егер осы орталықтан тап­сы­рамын десе, оған да жағдай жасалған. Емдеу курсын­ алу үшін арнайы ва­куумды банканың бір қорабын 3000 теңгеге сатып алып, әрі қарай емін жалғастыра береді. Бір курс емнің бағасы бес мың теңгеден басталады. Ал ем кезіндегі құрал-жабдықтардың тазалығына баса мән береміз. Нау­қасқа хиджама жасалып бол­ған соң бөлме дезинфекц­ияла­нып, кварц шамы қо­сылады. Пациенттер көбіне қалыпсыз қан қы­сымы, жүрек ауруы, остео­хон­дроз, буын аурулары, жүйке жүйесінің аурулары, варикоз, өкпе, тері және сал аурулары секілді әртүрлі ауру түрлеріне ем іздеп келеді. Ал зиян­ды жағына келсек, әзірге ешбір емделуші шағым жасаған жоқ. Хиджама жасаған соң емделу­шіні міндетті түрде бақы­лауға аламыз. Ал науқастан алынған ұйыған қан құйылған құтылар дезинфекцияланып, жоюға жіберіледі. Соңғы кезде үй жағдайында қызмет етушілер пайда болды. Оларда мұндай ереже қалай сақталып жатқанын айту қиын. Адам өмірінің маңызды шарасы ре­тінде хиджаманы жасатқан жағдайда арнайы орталы­қ маманд­арына жүгінген дұрыс деп есептеймін.
Клиникаға келген пациент­тердің өміріне немқұрайды қарамайтын мамандардың пікірінше, әр науқас өз ден­саулығына осы бастан мән беріп, қарттықтың салдарынан туындайтын түрлі аурулардың алдын алуы керек.
ҚАН САРАПТАМАСЫ МІНДЕТТІ ЕМЕС...
Хиджама – тек емдеудің түрі ғана емес, ағзаны тазарту, аурудың алдын алып, оның салдар­ымен күресудің тиімді әрі дінде рұқсат етілген түрі. Рас, дінде рұқсат етілген. Тіпті бұрын дін қызметкері болған кей имамдар хиджама жасаумен айналысып кеткен. Мәселе онда емес, жұмыстың қай түрі болмасын, адалынан келген нәпақа болса, еш әбестігі жоқ. Тек намазға жығылған жандардың арасында соңғы кездері осы еммен айналысып, тіпті үй жағдайында қабылдап, үйіңізге де барып емдейтін маман­дар көбейіп кетті. Мұн­дай жағдайда медициналық талап­тардың сақталуына қандай кепілдік бар? Емделушінің жағдайы күрт нашарлап не­ме­с­е есінен танып қалса, ары қарайғы жағдай не болмақ?!
- Хиджама жасаумен айналысып жүргеніме біраз уақыт болды. Үйде арнайы жабдық­талған бөлме бар. Барлығы талапқ­а сай. Сондай-ақ, үйге шақырту бойынша да жұмыс істейміз. Ол кезде де барлық құрал-жабдық өз тарапымнан. Емделушінің төсек жабындысы ғана өзінен болуы керек. Хиджама жасалған науқастың жағдайын одан кейін де үш күн бақыл­ауда ұстаймын. Алынған қанның түріне қарап, процесті қайтадан қабылдау қажетті­гін немесе қажет еместігін айта­мын. Осы уақытқа дейінгі тәжірибемде ауыр жағдайға тап келген клиент болған емес,- дейді үйге шақырту бойынша хиджама жасаушы Жұлдыз.
Арнайы медициналық ор­талықтағы мамандар үшін емделушінің соңғы қан сараптамасы қорытындысы міндетті түрде қажет болса, үйге барып қызмет жасайтын Жұлдыз үшін оның түкке де қажеті жоқ. Егер ол пациенттің қан құрамы «қиындау», гемоглабині аз болса­ ше?..
- Маған ешқандай медици­налық қорытынды анализ керек емес. Өйткені ол гемоглабинге қарамайды. Алынатын қан – ет пен терінің арасындағы «жарамсыз» қан, ал тамырдағы қан мүлдем басқа. Кейде көбік, сарысу күйінде лимфадағы артық қандар шығады. Оның алынғанын тіпті сезбей де қаласыз. Бас бөлігіне жасағанда шашты қырмай ала береміз. Көзі көр­мейтін, құлағының шуы бар кісі­лер жасатса, осы кедергілерден арылады. Бір айта кетерлігі, алмаспен тілсек те, тыртық қалдырмаймыз, - деді Жұлдыз.
ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?
Жалпы, хиджама сөзі қан алдыру деген мағынаны білді­реді. Бұл ежелде емдеудің ең тиімді жолы саналған. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) де қан алдырып отырғаны жайындағы хади­стер – нақты дәлелдің көзі. Ата-бабаларымыз оған сырқаттың көп түріне ем екенін біліп, яки қан қысымы, бас ауруы, қан қоюлануы мен рухани кеселдердің алдын алу үшін жүгінген. Қазіргі хиджама мамандары вакуумды бан­калар арқылы жұмыс істесе, бұрынғылар шертпе, мүйізді үшкірлеп, сонымен тіліп қан шығарған. Залалсыздандыру жағдайы да әртүрлі екенін осыда­н-ақ аңғара беріңіз.
Ал қызметтің бұл түрімен айналысып жүрген мамандар мен хиджама туралы дін қызметкерлері не дейді?
Жеңіс САДЫҚОВ,
«Құддыс Ишан»
мешітінің имамы:
- Хиджама әдісімен кезінде Пайғамбар (с.ғ.с.) да емделген. Сондықтан ежелден келе жатқан қауіпсіз, табиғи ем десе де болады. Хиджамаға қатысты бірнеше хадис те бар. Соның бірінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай­ дейді: «Егер де сіздерден біреулеріңіздің қаны тасыса, одан қан алу қажет. Қан та­сыған жағдайда адам өліп те кетуі мүмкін». Яғни, бұл жерде «қанның тасуы» сөзін қан қысымының көте­рілуі деп түсінген жөн. Дін жолында жүрген бауыр­лары­мыз­дың хиджама жасаум­ен айналысуына еш қарсылы­ғым жоқ. Тек арнайы оқып, тиісті құжатын алып, сауатты әрі таза жұмыс істесе болды. Өйткені білмеген адам бір нәрсені бүлдіретіні анық.
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
қалалық «Айтбай» мешітінің наиб имамы, дінтанушы:
- Дінімізде «хиджама» сөзі денедегі артық қанды алдыру арқылы емдеу дегенді білдіреді. «Хиджама» сөзі мұсылман үшін еш таңсық емес. Бір сөз­бен айтқанда, Пайғамбар (с.ғ.с.) медицинасы деп те кең таралған. Оның артықшылығы жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқан хадисі бар: «Шипа үш нәрседе: бал ішуде, хиджама жасату (қан алдыру) және отпен күйдіру. Алайда үмме­тімді күйдіруден тыямын». Енді бір хадисте: «Расында емделген нәрселеріңнің ең абзал­ы – хиджама немесе ол емдеріңнің ең жақсысы», - деген.­
Демек, хиджама жасату – дінімізге қайшы дүние емес. Тіпті ежелгі қытайлықтар, вавилондықтар және мысырлықтар да қан алдыру арқыл­ы дерттеріне ем іздеген. Медициналық тұрғыдан алып қарағанда көптеген дерттің алдын алуға көмегі тиюмен қатар, сырқат жанның дерті­не­ шипа табуына жол ашып жата­ды. Дегенмен ескеретін жайт, хиджама­ны арнайы оқыған, белгілі бір тәжірибесі бар ме­диц­ина мамандарына жасат­қан жөн. Егер оны жасау­ жолдарын дұрыс біл­мейтін кісі ке­рісінше адам ден­саулы­ғына зиян келтіріп алуы әбден мүмкін. Сондықтан білікті де тәжірибелі маман­ға жүгінген әлде­қайда абзал.
ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ?
Бойындағы «харам» қаннан арылып, арқасының құрысып, шекесінің тырысуынан құтылғандар да бар екен. Бұған дейін медицинаның еміне көнбеген аурудың бұл түрінің атын емделу­шінің өзі де білмейді.
Шолпан СЕЙДАХМЕТОВА,
қала тұрғыны:
- Таңертең ұйқыдан тұр­ғанда сергек оянғаныммен, түс­тен кейін маңдайым тырысып, шекем солқылдап ауыратын. Үнемі. Бірде үйге атама хиджама жасайтын келіншек келді. Мен де ауруымды айта қойдым. Ол да ұсынысын жеткізіп, сол мезетте жасап көруді ұсынды. Шекемнің тырысқанынан көңіл күйімнің бұзылатынын көріп жүрген үйдегілер де қарсы болмады. Содан маңдайыма хид­жама жасаттым. Содан бері шүкір, шекем солқылдап, маңдайым тырысқан емес.
Дәл осы үй жағдайына шақырып, хиджама жасатушының бірі қан алдырудың шипасын көрмеген.
Дәмелі АЙТПЕНОВА,
пациент:
- Көңіл күйім бұзылып, қан қысымым көтеріліп, денемде бір жайсыздық пайда болды. Сонан қатарластарым хиджама жасату­ арқылы бел ауруынан айығып, қан қысымынан құтылғанын айтты. Мен де соған бел байладым. Үйге шақырттым. Тазалық, өз ісіне мұқияттылық қала болсын, ауыл болсын, талапқа сай болу керек. Ал маған келген хиджамашы қолына медициналық қолғап та әкелмеген. Қолында мақта да, спирт те жоқ. Мен өзім зейнеттегі дәрігер болған соң үйге жедел қажет жабдықтарды алып қоямын. Әлгі маманға сол қобдиша қорымдағы бар затымды беріп, «көпреттік» деп әкелген банкасын стерилизациядан өткізіп, қолдануға рұқсат бердім. Әйтпегенде оның ісінің шалалығы көрініп тұрды. Жасаттым, бірақ баз баяғы қалпыма қайта түстім. Бәлкім, менің тым талапшылдығымнан ісін жөнді атқара алмаған шығар.
ДЕРТ ЖҰҚТЫРУ ҚАУІПТІЛІГІ ЖОҒАРЫ
Хиджамада терінің жоғарғы жағындағы белгілі бір нүктелерді тілу арқылы қан шығарылады. Қан алу үшін қазіргі заманауи құралдарды пайдаланған дұрыс. Ауру бір науқастан екіншісіне жұқпау үшін әрбір емделушіге жеке құрал-жабдықтар қарастырылуы тиіс. Хиджама жасалғанға дейін және кейін барлық құралдар тазаланып, дезинфекциялануы шарт. Әрбір ем қабылдаушы үшін бұрын қолданылмаған жаңа құралдарды пайдалану маңызды.
Сәбит ПАЗЫЛОВ,
Қызылорда облыстық
медицина орталығының директоры:
- Қан алу процесі – ойын емес. Ең бастысы, тазалық талапт­ары мүлтіксіз орындалуы тиіс. Адам қанын босату – кез келген кісі үйреніп алып жаса­й беретін массаж емес. Қан қандай жағдайда алынып жатыр­? Хирур­гияда стерильді материалдар қолдануы шарт. Сол талап сақталып жатыр ма? Сақталмаса, ағзада кіш­кене жарақат болса, инфекция түсуі мүмкін. Басқа бір аурулар жұқтыруы ықтимал. Банканы бір рет ғана пайдала­ну керек. Бірақ ол солай жасалынып жатыр ма, бәлкім бір ауру адамның пайдаланған банкасы болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау саласының мамандары не медициналық ұйымдарда, не қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде есепте жоқ емдеудің бұл түріне осылайша түбегейлі қарсы. Оған себеп, адам анатомиясы – зерттеуді қажет ететін сала.
КІМГЕ СЕНІП, ҚАНДАЙ МАМАНҒА ЖҮГІНЕСІЗ?
Дәстүрлі емес медициналық қызметтің түріне жататын қан алу әдісі денсаулық сақтау саласының да, тіпті қо­ғамдық денсаулық сақтау департаментінің де бақыл­а­уында жоқ. Денсаулық сақтау министр­лігінің құзыретіне тек дәстүр­лі медициналық мекемелерді тексеру ғана кіреді екен. Ал ҚР Үкіме­ті­нің 2005 жылғы 30 желтоқсандағы №1325 қау­лысына негізделген ҚР Лицензиялау туралы Заң жо­басының «Денсаулық сақтау саласындағы қызметті лицен­зиялау» деп аталатын 26-бабының 47-бөлі­гінде дәстүрлі емес медициналық қызмет түр­лері көрсетілген. Оның ішін­де халықтық медицина (емшілік), гомеопатия, гирудотерапия, қолмен емдеу, рефлекс ар­қылы емдеу,­ шөп­тер­мен және табиғ­и құралдармен емдеу сатылары бар. Ал хиджама тізімде де жоқ. Ал қан алумен айналысатын ма­мандардың жеке лицензиялары мен сертификаттары бар.
Кімге сеніп, қандай маманға жүгіне­сіз, ол – сіздің құқы­ғыңыз. Хиджама әдісі­мен емделу жа­йында сала мамандары мен медицина саласы қызметкерлерінің пікірін бір арнаға тоғыс­тыру мүмкін болмады. Пациенттердің де жасаған пайы­мы бө­лек. Жан саулы­ғы­ңызды дәрі-дәр­мек­сіз жақсартқыңыз келген жағдайдың өзінде сенімді ма­манға қаралғаныңыз әлдеқайда пайдалы.
Еңкейіп барып еңсесін тіктеген ежел­гі ем тәсілі бү­гін­де қан алу биз­несіне айнал­ып бара жат­қан жоқ па?
Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ
http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8521:2018-02-01-05-39-22&catid=6:2011-11-18-09-03-06&Itemid=6

6-02-2018, 14:57

Қазалыда медициналық кеңес отырысы өтті

Қазалыда медициналық кеңес отырысы өтті

Қазалы ауданында өткен денсаулық сақтау жүйесі мекемелерінің медициналық кеңесінде үйлестіру жұмыстарының қорытындысы мен алда тұрған міндеттер назарға алынды. Ақ халатты абзал жандармен болған басқосуға аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары медицина ұйымдарының қызмет сапасына байланысты рейтингін қалыптастыру мәселесі өте оңтайлы шешім екендігін айтып, рейтинг нәтижесін тоқсан сайын шығарып отыруды ұсынды. Сондай-ақ, Жол карталары бойынша енгізілген өзгерістерді ескеріп, сапалы жұмыс жүргізуді, суицидтің алдын алуда ведомствоаралық жұмысты жолға қоюды, бастапқы медико-санитарлық ұйым басшыларының тұрғындар алдында есеп беруін ұйымдастыруды тапсырды.

https://qazaly.kz/zanalyk/1238-azalyda-medicinaly-kees-otyrysy-tt.html
5-02-2018, 14:55

ТЕЛЕМЕДИЦИНА ЕЛГЕ ТИІМДІ МЕ?

ТЕЛЕМЕДИЦИНА ЕЛГЕ ТИІМДІ МЕ?

Елбасы «Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет. Профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастырған жағдайда ерте сатыда-ақ аурулардың алдын алуға болады» деп үнемі айтып келеді. Нәтижелі болса, қанеки! Өйткені қазір ауыруға болмайды. Дипломды дәрігер көп, білікті дәрігер аз. Дәрі көп, шипасы жоқ. Дәрігерге алдын ала жазылу да «жыр». Апталап, айлап жазылған кезек дәрігердің қабылдауына барған күні қағаз жүзінде қалады. Емделуші ұзынсонар кезекте сағаттап тұруға мәжбүр. Дәріхана дабизнес. Емханаға ем іздеп барған адам ұзынсонар дәрінің тізімін қолтықтап қайтады. Қаражаты бар науқас жүйелі түрде емделер. Қаржысы жоқ адам салы суға кетіп, дертіне дауа іздеп, емші жағалайды. Емханада емделгеннен, елден сандалған халық көп. Себебі, дертінің диагнозын таба алмай, әр емхананың табалдырығын үмітпен тоздырады. Қыруар қаржыға ақылы аппаратқа түсуден шаршаған науқас, берісіТашкент, арысы Еуропаға сабылады. Өйткені елдегі дәрігерге сенуден қалған. Сенімсіздіктің себебі де сан түрлі.
Олөз алдына бөлек мәселе. Бір қызығы, сол Шығыс пен Батыстағы заманауи медициналық аппараттар қазіргі кезде Қазақстанда да бар. Аурудың себебін анықтайтын – аппарат.

Диагноз қоятын – дәрігер. Жаңа технологияларды да қолданысқа енгізуден шет қалып жатқан кезіміз некен-саяқ. Соның бірі – Ұлттық телемедицина жүйесі. Соңғы жылдары Қа­зақстандағы емханаларға телемедицина жүйесі енгізілді. Мақсат – шұғыл көмек қажет науқасты ажалдан арашалап қалу. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде Ұлттық телемедицина желісі министрлік, 14 облыстағы және Астана, Алма­ты қаласындағы денсаулық сақтау басқармалары, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы, 6 медициналық оқу орнында және аудандық, қалалық ауруханалармен қатар, кардиологиялық орталықтарда, Ана мен бала орталығында шоғырландырылған. Тиімділігі – жедел түрде кеңес беру, шалғайдағы ауыл тұрғындарына дер кезінде жан-жақты мамандандырылған медициналық көмек көрсету. Басты артықшылығы – ауыр халдегі науқастардың өмірін сақтап қалу. Соңғы екі-үш жылда телемедицина көмегімен 30 мыңға жуық көмек көрсетілген. Алдағы уақытта шалғай аймақтарда жетілдіру оң шешімін табуда. Әсіресе, кардиолог, педиатр, невролог дәрігерлердің бейне­кеңесіне сұраныс көп. Яғни, алыстағы елдімекендердегі дәрігер тап­шылығын телемедицина ар­қылы азайтуға мүмкіндік бар. Кеңес беруші дәрігерлер рент­ген түсірілімін талдап, элек­трокардиограммасын талқылап, оған түсініктеме беріп, ультра­дыбыстық зерттеуді қарастыру арқылы диагнозды нақты қою­ға тікелей атсалысады. Телемеди­цинаның жұмыс істеу тәсілі әлі де жетілдіріп, әсіресе, шалғай ай­мақ­тарда кеңінен қолданысқа енсе, нәтижелі болмақ. Ең бастысы, науқасты да, дәрігерді де аман-есен сақтап қалудың бірден-бір жолы. Мәселен, былтыр 3 қазанда Оңтүстік Қазақстан облыстық ауруханасының жан сақтау бөліміндегі науқасқа Алматыдан шұғыл көмекке аттанған Ан-28 санитарлық авиация тікұшағы апатқа ұшырады. Шымкентке бет алған тікұшақ Алматының іргесіне құлады. Ұшақта болған экипаж мүшелері мен екі дә­рігер оқиға орнында қайтыс болды. Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының акушер-гинеколог дәрігері Талғат Патсаев пен Кардиология мен ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог-дәрігері, профессор Жәнібек Артықбаев Шымкент­те­гі ауыр халдегі науқасқа ем көрсету керек еді. Өкініштісі, араға күн салып, Алматыдан дәрігер күткен алты баланың анасы денсаулығы күрт нашарлап, көз жұмған. Осындай қайғылы жағдайларда алысты қас-қағымда жақындататын, шұғыл көмекті дер кезінде көрсететін телемедицина өте қажет. Науқасты аман алып қалуға септігін тигізеді. Бі­лікті дәрігерлердің көмегін қай өңірде болса да ала алады. Онлайн режимде жүйеге қосылып, аурудың себебін анықтап, талдап, дәл диагнозын қойып береді. Медициналық емдеу мекемелері, емделушілер мен дәрігерлер бір уақытта бас қосып, бірігіп жұмыс істеуіне тиімді.
Телекоммуникациялық, ком­пьютерлік технологияларды пай­даланып, жылдам, сапалы меди­циналық қызмет көрсетіледі. Жоғарыда айтылғандай, шұғыл көмек қажет болса, дәрігер де, науқас та сабылмайды. Емделу­шілерге облыстық, республи­калық деңгейдегі білікті дә­рігер­лер қашықтықтан кеңес беру арқылы аурудың себебін анықтап, тиімді емдеу жолдарын нұсқайды. Елдің шығысынан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке дәрігерлер сандалмайды. Астана мен Алматыдан дәрігер күтіп жатып, жантәсілім ететін нау­қастардың қатары азаяды. Шұғыл көмекке кететін шығын да азаяды. Өмір мен өлім арасында арпалысып жатқандарға дер кезінде көмек көрсетіледі. Қазіргі кезде Ұлттық телемедицина жүйесі 200-ден аса денсаулық сақтау нысанында бар.
Кейінгі жылдары телемеди­цина жүйесі жекеменшік емдеу мекемелеріне де енгізілді. Бұ­дан былай жекеменшік емдеу мекемесінің дәрігері еш кедергісіз өзге әріптестерінен көмек сұрай алады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың пікірінше, телемедицинаның артықшылығы көп. «Телемедицина – түрлі дең­гейдегі дәрігерлердің арасында байланыс құралы. Бүгінде те­лемедицина жүйесі дамып, қатты өзгеріске ұшырап отыр. Оның дәлелі, осы жүйеге дәрігерлердің қатарына емделуші де қосылды. Бүгінгі таңда телемедицинада емделуші мен дәрігер арасындағы ынтымақтастық бағыты дамуда. Телемедицина азаматтардың мүддесін қорғауға да бағытталған» деген еліміздің бас дәрігері қазіргі уақытта халықтың техникалық мүмкіндігі өте жоғары. Үйде отырып, дәрігерден онлайн кеңес алуға болады. Смартфонның көмегімен тікелей дәрігермен бейнебайланыс орната алады. Артықшылығы – біріншіден, емханаға барып, уақыт жоғалт­пайды. Екіншіден, кезек күтпейді. Қажетті дәрігерлік кеңесті онлайн режимде алған соң, дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Уақытын белгілеп, кезегі қашан келетінінен хабардар болып отырады. Емделушіге де, дәрігерге де тиімді. Арыз-шағым азаяды. Тиісті дәрігерлік көмекті тиімді пайдаланады. Дәрігерлердің дөрекілігінің басты себебі – жауапсыздық. «Медицина қыз­меткерлерімен кездескен кезде, емделушілер тарапынан болатын үздіксіз агрессияға шағымдана бермей, олардың ығына жығыла білу керектігін де үнемі айтып келемін. Емделушілер та­рапынан агрессия бар екені сөзсіз. Алайда бүгінде күні мұндай агрессиялардың орын алуына өзіміз де кінәліміз. Өйткені адамдармен жұмыс істей алмаймыз» деген министрдің ескертпесі де орынды.
Телемедицина жүйесі бола­шақта кеңес беру, диагноз нақ­тылаумен қатар, «электронды емделуге» бағытталған. Телеме­дицинаның тарихы әртүрлі тәжіри­белерден бастау алады. Радио, телеграф, телефон арқылы кеңес берудің барлығы дами келе, телемедици­наға жол ашқан. Тер­мин ретінде 1905 жылдары қолданысқа енген. Сол жылдың 22 наурызында профессор Вильем Эйтховен үй жағдайындағы зертханасынан 1500 шақырым қашықтықтағы университеттің емханасымен телефон желісі арқылы электрокардиограмма жасап, сынап көреді. Тәжірибесі нәтижелі шыққан соң, 1906 жылы Archives Internationales Physiologie журналына телемедицинаның тиімділігі жайында мақала жариялайды. Вильем Эйтховен «Шын мәнінде, емхана мен зертхананың арасында әркім өз аймағында отырып, науқастың денсаулығын электронды түр­де талқылауға болады» деп жазады. Дәрігер орыс-жапон соғысында жараланған әс­кери­лерді тез арада емдеуде қа­шықтықтан емдеу орасан зор рөл атқарғанын еңбектерінде атап өтеді. ХХ ғасырда телефон арқылы кеңінен қолданысқа ие болған телемедицина ХХІ ғасырда ІТ технологияның көмегімен қарыштап дамуға бет алған.
Телемедицинаның пайда болғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен. Тек тәуелсіздік алған соң, 20 жылдан кейін ғана бізге жетті. Оның үстіне, Қазақстандағы телемедицинаның жетілдіретін тұстары көп-ақ. Емдеудің жаңа әдісі болғанымен, шетелге таңсық емес. Телемедицина аппараты былтыр көненің көзіндей болып EXPO көрмесінде тұрды. Шетелде әлдеқашан көне жәдігерге айналған. Өйткені медицина саласы күн сайын дамуда. Елде телемедицина кеңі­нен дамыса, қазіргідей дәрі­гергерге қаралу «жыр» болмас та еді? Онлайн кеңес алу да оңай болар еді. Телемедицинаны орнымен, тиімді пайдаланып, қажетке жаратсақ, қанеки?!

Майра ЖАНЫСБАЙ

https://aikyn.kz/2018/01/27/40630.html
2-02-2018, 10:01

ҚАЗАҚСТАН АИТВ-ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ ТАРАЛУЫ ТӨМЕН ЕЛДЕР ҚАТАРЫНА КІРЕДІ

ҚАЗАҚСТАН АИТВ-ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ ТАРАЛУЫ ТӨМЕН ЕЛДЕР ҚАТАРЫНА КІРЕДІ


Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі (БЖИ) бойынша бүгінгі таңда Қазақстандағы АИТВ-инфекциясының таралушылық көрсеткіші 15-49 жас аралығындағы тұрғындар арасында 0,2 пайызды құрайды, орта әлемдік көрсеткіш бойынша - 1,6% құрайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық министрлігі хабарлайды.

Соңғы бес жылда елде тұрғындарды тестілеуді арттыру жағдайында АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайларының өсу қарқыны үш есеге төмендеді. Соңғы он жылда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың (АӨА) қайтыс болуы 2,6 есеге қысқарды. ЖИТС қызметінің соңғы онжылдықтағы басқа да жетістіктері ретінде АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілу деңгейінің төрт есеге төмендеуі болды. Бұл тенденциялар мемлекеттің АИТВ-инфекциясының таралушылығын тежеуге арналған жауапты шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Бүгінде АИТВ-инфекциясын таралушылығы мінез-құлыққа да байланысты болатын созылмалы инфекциялық ауру ретінде айту қажет. Сол себепті, аса өзекті болып АИТВ-инфекциясының берілу жолдары туралы білімді арттыру, нақты ақпараттарды алу, АИТВ-ның бизнеске ықпалының жоқтығын түсіну болып табылады және барлық деңгейдегі бизнес-құрылымдардың басшылары арасында АӨА-ға қатысты стигманың төмендеуі – оның салдары ретінде болмақ.

Қазақстанда азаматтар үшін АИТВ-инфекциясына тестілеуден өту және емделу тегін екендігін, мемлекет қаржысы есебінен жүзеге асырылатындығын айта кету қажет. Қазақстанда соңғы он жылда АИТВ-инфекциясына тестілеумен қамту екі жарым есеге артты. 2006 жылы тестті 1,2 миллион қазақстандық тапсырса, 2017 жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,9 миллионды құрады. Осылай әрбір алтыншы қазақстандық өзінің АИТВ-ахуалын біледі.

АИТВ-инфекциясы әлеуметтік маңызы бар аурулар ретінде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында емделеді және оны толығымен мемлекет қаржыландырады. Адам организміндегі вирустардың көбеюін баяулататын антиретровирустық препараттар бар. Сол препараттар арқасында АИТВ-мен өмір сүретін адамдар оқуға түсе алады, дені сау балаларды өмірге әкеледі және толыққанды өмір сүреді. Олар өздерінің әріптестеріне вирусты өткізе алмайды және ұжым үшін қауіпті емес. АИТВ тұрмыстық-қатынастық жолмен, ауамен, қол алысқанда, жөтелгенде, көпшілік орындарға барғанда берілмейді.

Наурыз айында елде сауалнама жүргізу жолы арқылы АИТВ-ның бизнеске ықпалы жөніндегі бизнес-құрылым өкілдері үшін Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) жыл сайынғы сауалнамасы жүргізілетін болады. Сауалнама нәтижесі бойынша БЭФ тұрғындардың сауаттылық деңгейін және Қазақстандағы АИТВ туралы білімнің таралушылық деңгейін бағалайды. Бизнес-құрылым басшыларының АИТВ-инфекциясының бизнеске ықпал ету қаупінің жоқтығына объективті баға беруі елдің бәсекеге қабілеттілігінің рейтінгісін және инвестициялық тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.

Бүгінде елдің аймақтарында АИТВ-ға және ол туралы білімді арттыруға бағытталған және АӨА-ға қатысты стигма мен кемсітушілікке жол бермеуге бағытталған бизнес-құрылымдардың өкілдеріне арналған дөңгелек үстелдер, жедел-тестілеумен қоса науқандар, семинар мен тренингтер өткізіледі.

Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) «Бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексі» жыл сайынғы баяндамасы (GCI/ГИК) - әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігінің жетекші әлемдік рейтингісі болып табылады және ол әлем елдерінің экономикалық дамуының тәуелсіз бағасын жүргізуді білдіреді.

https://syr-media.kz/news/1737-azastan-aitv-infekciyasyny-taraluy-tmen-elder-ataryna-kred.html
2-02-2018, 10:00