"Алғыс хатпен" мадақталды

"Алғыс хатпен" мадақталдыМедицина қызметкерлері Күні қарсаңында 2012 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік емдеу мекемесі» атанған  

 
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі Құбыл Ршымбетов басқаратын «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ филиалы - Қазалы теміржол ауруханасы «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының» «Алғыс хатымен» мадақталды.
Біз де ел құрметіне бөленіп жүрген ұйымшыл ұжымның әрқашан абырой биігінен көріне беруіне тілектестік білдіреміз.
 
АУДАНДЫҚ «ҚАЗАЛЫ» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ.



19-06-2013, 15:00

“Денсаулық пойызы” Қазалыдан өтті

“Денсаулық пойызы” Қазалыдан өттіЖақында Республика бойынша Оңтүстік, Солтүстік, Батыс өңірлерге үш бағытта жылжымалы емхана жолға шықты. Бұлар «Денсаулық», «Жәрдем», «Саламатты Қазақстан» пойыздары. Медициналық қызметпен аз қамтылатын елді мекендер тұрғындарына арнайы жіберілген пойыздарды ҚР Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар Министрліктері және «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамы бірігіп ұйымдастырған. «Денсаулық пойызы» оныншы мамыр күні Қазалы ауданының «Ойынды» бекетінде тоқтап, күні бойы жұмыс істеді. Қызмет көрсету барысын көру мақсатында арнайы барғанымызда дәрігерлерге көрінушілердің көп екендігін байқадық.

- Қармақшы ауданындағы «Ордазы» бекетіннен бастап біздің дәрігерлеріміз қызмет жасауда, - деді Қазалы аудандық теміржол тораптық ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетұлы.
- Төретам стансасында екі күн болдық. 500-дей адам көрінді. Yлгермей қалғандары қаншама. Майлыбас стансасында жақын маңдағы малшылар ауылынан, қызылқұмдағы «Сарбұлақ» елді мекенінен көптеген адамдар келді. Ал, Ойындыда Құмжиек, Басықара, Жалаңтөс ауылдарынан екі жүздей адам тексерілді. Ордазыдан Ойындыға дейінгі аралықта мың жарымнан астам адамды қамтыдық, яғни 16 мыңға жуық көрілім болды. Себебі бір адам барлық тексеруден өтеді. Көздің қысымы мен көруі, бастың, қолдың, жүрек-қан тамырларының жағдайы, рентген, УЗИ, ФГДС, электро эндоскопия, ЭКГ, биохимиялық, клиникалық талдаулар жасалады. Осы жұмыстарды атқару үшін жиырма дәрігер, отыздай медбике жұмылдырылған. Олардың сапында хирург, терапевт, кардиолог, рентгенолог, акушер-гинеколог, невропатолог, окулист, уролог, травматолог, стоматолог, педиатр, лор, эндоскопия, УЗИ, лаборант дәрігерлер бар. Бәрі де білікті мамандар.
«Денсаулық пойызының» медициналық қызмет көрсету жағын басқаратын Сейілхан Артықбаев:
- Бұлардың бәрі де маманданған дәрігерлер. Диагнозды дереу анықтап, тиісті ем қолданады немесе емделу жолдарын көрсетеді. Қаралған адамдардың есебін Денсаулық сақтау Министрлігіне күнделікті беріп отырамыз. Осы арқылы әрбір науқас келешек өзінің қайда, қандай деңгейде емделетінін біледі. Ал, қажетті жағдайда көріну кезінде ем қолданылады. «Денсаулық пойызы» он бірінші мамырда Бекбауыл бекетінде жұмысын жалғастырады. Одан соң Қамыстыбас, Сексеуіл стансаларының халқы күтіп отыр.
Негізінен профилактикалық шараларды мақсат еткен «Денсаулық пойызы» елдің алғысына бөленді. Қалаға баруға уақыт таппайтын немесе құнт қыла бермейтін жырақтағы тұрғындар жылжымалы емхана қызметкерлеріне дән риза.
Халықтың көкейінде бір ғана тілек қалды. Ол - ендігі  жылы келетін «Денсаулық пойызы» асықпай, жүрісін баяулатып, алыстан жаяулатып келетін тұрғындарды түгел қамтыса.
Иә, Денсаулық Министрлігі «Денсаулық пойызының» жұмысын үйлестіреді деген үміттеміз.
 
Жетіскен МӘКЕНАЛЫ,
аудандық «Қазалы» газетінің арнаулы тілшісі.





"Қазалы” газеті

14-05-2013, 15:03

Дәрігерлерге дән ризамын

Дәрігерлерге дән ризамынБелімнің сырқырап ауыратыны көптен мазалайтын. Емшілерге көрініп те, емделіп те жүрдім. Бірақ, нәтижесі шамалы. Болмағасын теміржол тораптық емханасына тексерілдім. Серік Адаевтың ұйғарымымен 8 сәуір күні тораптық ауруханаға жатып емделуге жолдама алдым. Он күн емделіп, сырқатымнан құлан-таза айығып шықтым. Мұнда мені дәрігерлер Серік Ахметов, Шолпан Өтеулиева, Гүлмариям Дәрменова жан-жақты қарап, медицинаның соңғы жетістіктерімен ем қолданды. Мейірімді медбике Күлжаһан Таңатованың, массажист Аманкүл Әбжанованың, сумен емдеуші Алмаш Мырзағазиеваның еңбектеріне дән ризамын.
Ал, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген бас дәрігер Құбыл Ршымбетовтің қызметі ерекше. Ол палатаға жиі келіп, емделушілердің хал-жағдайын біліп, көңіл-күйімізді көтеріп тұрды. Қарттарға керегі де осы. Өзгелер де тораптық аурухананың дәрігерлерінен үлгі алса деймін.
Аялы алақанымен, кішіпейіл мінезімен, елгезектігімен елдің көңілін тауып, дертке дауа, жанға шипа берген жандарға алғысым шексіз.
 
Ертас СӘДУАҚАСОВ,
тыл ардагері.
 
"Қазалы” газеті

3-05-2013, 15:11

ТЕМІРЖОЛ АУРУХАНАСЫНДАҒЫ ТЕГІН КӨМЕК

ТЕМІРЖОЛ АУРУХАНАСЫНДАҒЫ ТЕГІН КӨМЕК«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қарапайым қағиданы елеп, ескере бермейтініміз рас. Денсаулыққа жүрдім-бардым қараудың соңы өзекті өртер өкінішке соқтыратынын көріп те жүрміз. Алайда жайбасарлау қалпымыздан арыла қоймағанымызды мойындауға тура келеді. Басың ауырып, балтырың сыздаса жаратушы Алладан кейін ақ желеңділерден жанымызға араша, дертімізге дауа күтетінімізді ешкім жоққа шығармайды. Өмір мен өлім белдескенде дәрігердің кәсіби сауаттылығы тағдыр таразысын өзіне аударатыны күмәнсіз. Оған талапқа сай ғимарат, озық үлгідегі құрал-жабдықтардың да қосар үлесі сүбелі.
«Нағыз дәрігер үшін сырқаттың шынайы ризашылығынан асқан бақыт болмайды». Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовпен тілдескеннен кейін осындай ой түйдік. Ел ағасы жасындағы басшының өңінен парасаттылықтың лебі еседі. Байыпты мінезді, нағыз істің адамы тәрізді. Әрбір сөзін балғамен соққандай нық айтуынан «темірдей тәртіптің иесі» деп топшыладық. Ал, арнайы үлгіде киінген медицина қызметкерінің әрқайсысы өзінің міндетті шаруасымен қарбаласып жүр.
Қазалы теміржол ауруханасының акциясы толықтай Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі екен. Көптеген жандар маңдай тірейтін бірден-бір емдеу орны. Үкімет қаулысымен «тегін медициналық көмектің кепілдік берген көлемі» шеңберінде халыққа қалтқысыз қызмет жасауда. Ауруханаға қарасты емханада, ақылы бөлімшеде сапалы ем беріледі. Өз ішінен дәрі дайындайтын дәріхананың болуы да басты ерекшелігінің бірі. Мұндағы хирургия, терапия, гинекология, неврология, педиатрия бөлімшелерін тәжірибелі мамандар басқарады.
Сондай-ақ, физикалық емдеу кабинеті, қатты толқынды терапия, қол, мойын массаж құрылғысы, самырсын (кедр) саунасы, тұзды емдік ваннаның әлденеше түрі, суда көпіршік арқылы емдеу, Су-Джок терапиясы көпшіліктің көкейінен табылуда. Жансақтау бөлімшесі орталықтандырылған оттегі беру жүйесімен, барокамера, инфузиялық шприц, насос аппараттары, басқа да озық технологиялармен жасақталған. Биыл олардың қатарын тағы да қосымша құралдармен толықтыру межеленуде. Ауруханадағы параклиникалық бөлімшелерде клинико-диагностикалық, бактериологиялық, биохимиялық, иммунно-ферментті лабораториялар орналасқан. Компьютерлік томография облыс орталығынан жырақтағы аудан үшін өте маңызды десек жаңылмаймыз.
Аудан бойынша 20 мыңнан астам тұрғын теміржол ауруханасының есебіне алынған. Онда тәулігіне 350 адам қабылдаудан өткізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен скринингтік тексеру тегін жүргізілуде. Оның маңыздылығы баршаға мәлім. Аурудың бастапқы кезеңін дер кезінде анықтауға, асқындырмауға, жүйелі ем қабылдауға мүмкіндік туындатады. Жүйе, әсіресе Еуропада оң нәтижеге жетіпті. Тексерудің бұл түрі жүрек-қан тамыры, жыныстық аурулар, сүт безі қатерлі ісігі, су қараңғылық, «В», «С» вирустік гипатит тәрізді зардабы мол кеселдердің жолын кесуге бағытталған. Қазір скринингтік тексеру ауданда кеңінен етек алуда. Кінәраты нақтыланғандар арнайы тіркеліп, ем-домын қабылдауда.
Бүгінгі таңда жұртшылықтың қалаған емдеу мекемесін таңдауға құқығы бар. Мұның өзі бәсекелестік ортаны қалыптастыратыны даусыз. Теміржол ауруханасының материалдық жабдықталуы көңіл қуантады. Біздегі деректе денсаулық сақтау департаменті конкурс арқылы аудан тұрғындарына «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі» шеңберінде көмек көрсету, ем алуына жергілікті, республикалық бюджеттен қаржы бөлінгені жазылыпты. Үлкен жетістік. Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті де мұқият зерделеп, жоғары бағалапты. Нәтижесінде мамандандырылған көмек саласы бойынша қаржы қаралуы бірауыздан мақұлданыпты. Осындай қадам ұжымның сенімін нығайтуда. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасымен жігерленген аурухананың тізгінін ұстағандар қоғамның құнды байлығы – дені сау адам екенін қашанда жадынан шығармайды. Сол тұрғыда қызмет аясы жандандырыла түсуде.
– Жамбас ұршығына гемипротез орнату сынды ауыр операция еліміз бойынша санаулы жерде ғана қолға алынған. Мұның өзінен теміржол ауруханасының деңгейі қаншалықты биік екендігін саралауға болады. Оған қоса, денені кеспей эндоскопия аппаратымен ота жасалады. Өткен жылдың күзінен бастап іске қосылған компьютерлік томографиямен бірсыпыра сырқаттардың диагнозы анықталды. Облыста компьютерлік томографияны біздің аурухана ғана сатып алғанын айту ләзім. Кадр даярлау да күн тәртібінен түспейді. Бұған дейін аурухананың қаржысы есебінен жоғары оқу орнын бітірген 3 дәрігер еңбекке орналасқан еді. Биыл тағы да 2 маман келмекші. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасының перзенті Ақтөбе медициналық академиясында білім алып жатыр. Бәрінің қызмет орны дайын тұр. Бүйрегі істен шығып, алмастыруды күтіп отырған Арал, Қазалы, Байқоңырдың 15 тұрғыны біздің ауруханадағы германиялық аппараттан тұрақты ем қабылдауда, – дейді Құбыл Ршымбетов.
Ақылы бөліммен теміржол саласындағы мекемелердің келісім-шартқа отыруы дағдыға айналған. Яғни, мекеменің қаражатымен науқастанған жұмысшы-қызметкерлерге жолдама беріледі. Сонымен қатар, жекелеген тұлғалар да өз қалтасынан профилактика мақсатында емделуге болады. Бұл бөлімге озық үлгідегі аппараттар қойылған. Қазалы теміржол ауруханасы жұртшылықтың талғамынан табылып жүрген іргелі мекеме. Нарықтың сынағынан сүрінбей, қалыптасуына бас дәрігердің сіңірген еңбегі ерекше. Шалғай ауданға соңғы үлгідегі аппараттарды алдыртып, қабырғалы қауымның игілігіне жарату оңай емес. Талмай ізденетін басшы өзгелерден де соны талап етеді. Ауруханадағы дәрігерлердің басым бөлігі бірінші санатты болуы сөзіміздің дәлелі.
Қарыштап алға басқан медицина саласы білім жетілдіруді қатал талап етері хақ. Бұл ретте біздің кейіпкеріміз Құбыл Ршымбетов әбжілдік танытуда. Дәрігерлерін тұрақты түрде оқуға жіберуді жолға қойған. Ауданда жоғары кәсіби дәрігер мамандарды даярлауда өзіндік дәстүрі бар ұжымның болашағы жарқын екені анық.
 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қызылорда облыстық "Сыр бойы” газеті 26.02.2013
 
 

26-02-2013, 22:57

СЫНЫҚҚА КҮРДЕЛІ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ

СЫНЫҚҚА КҮРДЕЛІ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ«Апаттар медициналық теміржол госпитальдары» акционерлік қоғамының «Қазалы теміржол ауруханасы» филиалында «Ортан жіліктің cынған ұршығына жаңа медициналық технология бойынша ота жасалыпты» деген хабарды құлағымыз шалды. Асығыс Әйтеке би кентінің 5-кварталында орналасқан ауруханаға атбасын тіредік. Сұрастыра жүріп, жақсы істің жаршысы атанған азаматты да таптық. Аманкелді Қанатовпен өзара таныстықтан кейін әңгімеміз келген шаруа жайына қарай ойысты...
Аманкелді Қазалының төл перзенті. Оның әкесі Қуантхан теміржол училищесінде ұзақ жыл оқытушы болса, шешесі Гүлжахан дәрігерліктен зейнет демалысына шықты. Үлгілі отбасында тәрбиеленген бозбала техникалық мектепте оқып, тепловоз машинисіне көмекші болып еңбек етті. 1983-1985 жылдары Совет Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Арманшыл жас 1985 жылы Ақтөбе медициналық институтына оқуға түсті.
1992 жылы қолына диплом алысымен Байқоңыр қаласындағы ауруханаға қызметке орналасты. Тәжірибесі толыса келе әскери госпитальда істеді. 2007 жылдары Астана, Алматы қалаларындағы ауруханаларға ауысып жұмыста болғанында өз саласы бойынша біліктілігі арта түсті.
Ердің бүйрегі қашан да туған жеріне тартады. Аманкелді 2011 жылдың ақпан айынан бері – Қазалы теміржол ауруханасында травматолог-дәрігер болып қызмет етеді. Бүгінде Аманкелді Қуантханұлы Қанатов өз ісінің шебері, І категориялы травматолог-ортопед.
Жақында Әйтеке би кентінде тұратын жетпістен асқан қария ортан жілігі зақымданып, біз әңгімелеп отырған дәрігер көмегіне жүгінді. Жан-жақты тексерудің қорытындысында ақсақалдың ортан жілігінің ұршығы сынғаны анықталды. Жасы егде адамның сынығы жақын айларда бітіп, жазылып кетуі екіталай. Сондықтан дәрігер жігіт сынған сүйекті буынға арналған протезбен ауыстыруға бекінді. Аурухананың бас дәрігерімен, сырқат жанмен ақылдасқанында үшеуінің пікірі бір жерге тоғысты.
Сонымен осы жылдың 16-ақпанында хирургия бөлімінің меңгерушісі Садуақас Ахмет, анестезиолог-реониматолог Жасұлан Қуанышбаев, хирург Ерболат Жасанов, медбике Әлия Салмырзаева, Елена Андриадидің араласуымен ұршық сынығына арналған күрделі операция басталып кетті. Бір-бірін қас-қабағымен ұғысқан ақ халаттылар өте епті қимылдады. Үш сағатқа созылған ота жұмысы сәтті аяқталды.
Біз аурухана бөлмелерінің біріне жайғасқан сырқат Әлсүйеу Рысмамбетов ақсақалға жолығып, сыр тарттық.
- Аңғарымсыздық дегенді қойсаңшы,- деді ол бізбен әңгімесінде. – Кешкілік қорадағы жинаулы күде үстіне шығып, пішен бауын алғалы жүргенімде жерге құлап, ұршығымды сындырып алдым. Аманкелді інім мен оның әріптестері арқасында сырқатыма шипа табылды. Солардың ем-домының нәтижесінде аяғымның қозғалысы қалпына келе бастады. Қазір балдаққа сүйеніп жүремін.
- Қазақстанда травматология институтының ашылғанына он жылдан астам уақыт болды. Содан бері аса ауыр операциялар Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды қалаларында жасалып жүрді. Соңғы жылдары Атырау, Ақтау, Ақтөбеде қолға алына бастады. Ортан жіліктің ұршығын арнаулы протезбен ауыстыру операциясы Қызылорда облысында алғаш рет біздің ауруханада жасалып отыр. Бұл ретте травматолог-ортопед дәрігеріміз Аманкелді Қанатовтың білімі мен біліктілігін ерекше атап, өзгелерге үлгі еткен орынды,- деді Қазалы теміржол ауруханасы филиалының директоры Құбыл Ршымбетов.

Сахи ҚАПАР,
Аудандық «Қазалы» газетінің арнаулы тілшісі.
"Қазалы” газеті 03.03.2012

Суретте: дәрігер Аманкелді Қанатов емделуші Әлсүйеу Рысмамбетовпен бірге.
 
Төменде операция жасау сәті, мамандар мен рентгендік бейне көрсетілген.  
 
 
     
3-03-2012, 01:06