» » Ауыл тұрғындары емханаға мұқтаж

Ауыл тұрғындары емханаға мұқтаж

Ауыл тұрғындары емханаға мұқтаж Ауыл-аймақ тұрғындары тұрақты түрде дәрігерге барып, тексерілуге құлықсыз. Басы ауырып, балтыры сыздаса да мал-жан, шаруасын тастап кете алмай, күйбең тірлікпен үйде емделіп жүре береді. Бұған «Денсаулық жолы» акциясы аясында Қызылорда облысының барлық ауданын аралап, скринингтік тексеруден өткізген мамандар көз жеткізді. Денсаулық керуені Қазалы ауданының ең шалғай Бекарыстан би ауылына табан тіреді. Жүрек қан тамыр, көз және қант диабеті ауруларын ерте бастан анықтау – негізгі мақсат. Дәрігерлер аурудың пайда болуына әсер ететін қауіпті факторларды анықтап, тексеруден дер кезінде өту керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Толқын Мұхамбетқызы
, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының скринингке жауапты дәрігері: - Бүгінге дейін Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарында өткізіліп келді. Керуенді өткізуге келген бригада құрамында окулист, кардиолог, эндокринолог және де скрининг дәрігер бар. Бекарыстан би ауылында 3 мыңға жуық тұрғын қоныс тепкен. Іргелес тағы бірнеше елді мекен жапсарлай орналасқан. Ауылдағы ағайын ауруханаға зар.

Болат Сәдуов, ауыл тұрғыны: - 1969 жылы мұнда 20 төсектік аурухана болатын, ол 75 койкіге дейін көтерілген. 2009 жылдан бері ешқандай аурухана жоқ. Көрші Түктібаев, Майдакөл, Бекарыстан би ауылдарын есептегенде 5,5 мыңнан астам халық тұрады. Оған бір аурухана керек. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көбінің аудан орталығына қатынауға қалтасы көтермейді. Оның үстіне Сырдариядан өтетін көпір жоқ. Қалқымалы өткел қыс түсіп, мұз қата бастағанда алынып тасталады, сонымен қатынас тіпті қиындайды.

Құралай Бекжанова, ауыл тұрғыны: - Қыста келініміз босана алмай қатты қиналды, аудан орталығынан бригада, жедел көмек келгенше әбігерге түстік. Бірнеше төсектік аурухана ашылғанын қалаймыз. Бірнеше елді мекен тұрғындарына медициналық қызмет көрсеткен бұрынғы аурухана қазір құлаудың алдында тұр. Ауыл тұрғындары бірер жыл бұрын салынған емханадағы жалғыз дәрігерге кезекке тұрудан қажыған.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Источник: http://www.24.kz/kz/zha-aly-tar/densauly/item/22175-auyl-t-r-andary

 

25-08-2014, 09:34
896 просмотров